Зооқорғаушы Владимир Тепляковтың өліміне қатысты күдікті ұсталды
Сурет: Zakon.kz.
Бұл ақпаратты 2026 жылғы 4 қарашада өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
"Полиция қызметкерлері биыл 7 қазанда ер адамның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта ол қамауға алынды. Тергеу аясында ұсталған адамның аталған қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр", – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ Полиция департаменті басшылығы тергеу барысын ерекше бақылауға алғанын мәлімдеді.
Құқық қорғау органдарының түсіндіруінше, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Владимир Тепляков – қазақстандық зооқорғаушы, Алматыдағы Dog House "Твардовский дом" иттерге арналған панажайының негізін қалаушы. Ол панажайды 2015 жылы ашып, марқұм асыранды ұлы Ильястың (Твардовский бүркеншік атымен танылған) құрметіне атаған. Ильяс үлкен ветеринарлық орталық ашуды армандағанымен, 21 жасында өмірден өткен. Жануарларға қамқорлық жасау үшін Тепляков жоғары жалақысы бар қызметінен бас тартқан.
Еске салайық, 2026 жылғы 7 қазанда жануарларды құтқаруға арналған Dog House "Твардовский дом" панажайының негізін қалаушы Владимир Тепляковтың қайтыс болғаны белгілі болды. Сол күні полиция адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.