Алматыда жаңбырдан кейін Достық даңғылындағы тротуар опырылып түсті
Сурет: Threads/@vera_minisun
Бұл туралы қала тұрғыны әлеуметтік желіде жазды.
"Тротуардың тұтас бір бөлігі опырылып түсті. Достық – Алматының орталық даңғылы. Айналаны су басып, тіпті жолдың арғы бетіне өту мүмкін болмай қалды", – деп жазды Вера Давыдова 2026 жылғы 11 қарашада Threads желісіндегі парақшасында.
Жарияланымға Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы жауап берді. Ведомство Достық даңғылының әл-Фараби даңғылынан Абай даңғылына дейінгі бөлігін жаңарту жобасы аясында тротуарға тақтатас төселіп, веложол салынғанын еске салды. Сондай-ақ көгалдандыру, автоматты суару жүйесін орнату, кабель желілерін тарту, сыртқы жарықтандыру бағандарын орнату және іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілген.
Ал тротуардың опырылуына қатысты басқарма мынадай түсініктеме берді:
"Нысан пайдалануға берілгеннен кейін аталған учаскеде "Алматы жылу желілері" ЖШС жылу желілерінде авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген".
Бұған дейін Алматы тұрғындары көшелердегі жағдайдың видеоларын жариялаған еді. Кадрлардың бірінде метро станцияларының біріне кіреберісті су басқаны да көрінеді.