Алматыда толассыз жаңбыр жауып, жолда пайда болған шұңқырға бірнеше автобус түсіп кетті
Сурет: Instagram/as_ya7501
Оқыс оқиғаны куәгерлер видеоға түсіріп алған. Видеодан Ілияс Жансүгіров көшесінде тұрып қалған автобустар мен жаяу жүргіншілердің кесірінен көлік кептелісі пайда болғанын көруге болады.
Аталған жарияланымға байланысты "Алматы Су" КМК кәсіпорыны үн қатты. Олар Ержанов көшесіне асфальт жабынын қалпына келтірілгеннен кейін жөндеу жұмыстары жүргізілгенін, тура сол арада жол жабындысының отыруы немесе шөгуі орын алғанын атап өтті.
Компания бұған жауын-шашын түрткі екенін айтады:
"Қазіргі уақытта мердігер ұйымның құрылыс бригадасы пайда болған ойықтарға топырақ төсеп, оларды жою және жол жабындысын тиісті қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр", деп хабарлады "Алматы Су" КМК.
Сондай-ақ мамандар жағдайдың бақылауда екенін айтып, тұрғындардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.
Бұл - бүгін қалада тіркелген бірінші оқиға емес. Бұған дейін Достық даңғылында да тротуардың бүлінгенін жазған болатынбыз. Сондай-ақ метро станцияларының бірін су басқан.