Есірткі өндіріп, 580 млн теңгенің мүлкін сатып алған: Қазақстанда қылмыстық топ мүшелері сотталды
Фото: pexels
Облыстық прокуратураның 2026 жылғы 12 қарашада мәлімдеуінше, үкімді қараша айының басында қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот шығарған.
Сот қылмыстық топтың 2022–2024 жылдары Қарағанды және Алматы облыстарының аумағында әрекет еткенін анықтады. Оны іс материалдарында С. және А. деп көрсетілген екі ер адам басқарған.
Топ мүшелерінің негізгі мақсаты психотроптық заттардың аналогтарын өндіру және сату арқылы тұрақты түрде заңсыз пайда табу болған.
"Қылмыстық жоспарды жүзеге асыру үшін есірткі зертханалары құрылып, прекурсорлар мен қажетті жабдықтар сатып алынған. Топқа жаңа қатысушылар тартылып, олардың рөлдері мен міндеттері бөлінген, заңсыз әрекеттерді қаржыландыру қамтамасыз етілген", – делінген хабарламада.
Топ ішінде әр қатысушының рөлі мен міндеті нақты белгіленген. Олар миллиондаған теңге табыс табуды көздеген қылмыстық құрылымның жұмысын және заңсыз әрекеттерін қаржыландырып отырған.
"Олар қылмыстық жолмен тапқан қаражатқа жалпы құны шамамен 580 млн теңге болатын мүлік сатып алған", – деп хабарлады прокуратура.
Сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушылар сот процесіне қатысушылардың айғақтарын, сараптама қорытындыларын, қаржылық құжаттарды және өзге де іс материалдарын дәлел ретінде ұсынды.
Нәтижесінде бес сотталушының барлығы ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу (ҚР Қылмыстық кодексінің 262-бабы), есірткі, психотроптық заттар мен олардың аналогтарының заңсыз айналымы (ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы), сондай-ақ аталған қылмыстарды жасауға оқталу бойынша кінәлі деп танылды.
Сонымен қатар сот қылмыстық жолмен алынған мүлікті тәркілеу туралы шешім шығарды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Ал Алматыда полиция қызметкерлері психотроптық заттардың ірі партиясын сақтады және сатты деген күдікпен 56 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.