Қостанай облыстық полиция департаментіне жаңа басшы тағайындалды
Бұған дейін ол ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы қызметін атқарды.
Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы лауазымына полиция полковнигі Ерлан Омарбеков тағайындалды. Полиция департаментінің жеке құрамына жаңа бастықты ІІМ басшысы таныстырды.
Ерлан Болатұлы Омарбеков 1971 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.
Құқық қорғау органдарында 1993 жылдан бері жұмыс істейді. Органдағы қызметін милиция батальонында милиционер қызметінен бастаған. Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында әртүрлі басшылық оперативтік лауазымдарда қызмет етті.ҚР ІІМ-де басшылық қызметте үлкен тәжірибеге ие – Криминалдық полиция комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарған. Соңғы жұмыс орны – ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы.
Қостанай облысының полиция департаментін алты жылдан астам уақыт басқарған Бекет Аймағамбетов ҚР ІІМ өкіміне алынды.