504 рет жол ережесін бұзған азамат көлік айдаудан шеттетілді
Департаменттегілер Қырғызстан есебінде тұрған көліктің жүргізушісі 504 рет жол ережесін бұзғанын хабарлады. 1983 жылы туған И есімді азамат «Хонда» маркалы көлігімен 504 рет жол ережесін бұзған. Ер адам әлі тиісті айыппұлдарды төлемеген.
Қазір ол көлік айдаудан шеттетілді. И есімді азаматтың көлігі мамандандырылған айыппұл тұрағына орналастырылды.
Қалада кей жүргізушілердің абайсыз әрекеттері азаматтардың өліміне себеп болады. Өткен тәулікте ғана қала жолдарында немқұрайлы болған 4 жүргізуші ұсталды. Одан бөлек тағы бір тәртіп бұзушы Ресейде тіркелген көлікте ұсталды. Ол – 1988 жылы туған А есімді азамат. Оның атына жалпы сомасы 3 млн 480 мың болатын 370 айыппұл жазылған. А есімді азаматтың да көлігі айыппұл тұрағына қойылды, – деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі Басқармасының бастығы, полиция полковнигі Манап Саттаров.
Айта кетейік, бүгінде қала полицейлері қалада заң бұзушылықтар бойынша рейд жүргізіп жатыр. Манап Саттаровтың айтуынша, жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін айыппұл төлемейтін көлік жүргізушілерін анықтайтын іс-шара полиция бөлімшелерінің алдыңғы саптағы қызметкерлерінің қатысуымен цифрлық технологияларды белсенді пайдалана отырып жүргізіліп жатыр.