Алматыда темір жол билетін қолдан сататын алыпсатарлар ұсталды
Заң бұзғандарға айыппұл тосқауыл бола алмай тұр. Себебі, әкімшілік құқық бұзушылық үшін 15 мың теңге айыппұл салынады немесе бес тәулікке дейін қамалады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Алматы-1 стансасындағы желілік полиция басқармасының қызмет атқару аумағында 1300-ден аса азамат әкімшілік жауапкершірлікке тартылды. Сонымен қатар, жол жүру билеттерін сатып алу қызметін ұсынған 8 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Алматы-1» желілік полиция басқармасының бөлім бастағы Жандар Әбдікапаров
Қаладағы темір жол вокзалдарында қазір жолаушылар ағыны көп. Олардың басым көпшілігі - Алакөл мен Балқаш секілді демалыс орындарына асыққандар. Жолаушылар жүрдек пойызға билеттің күрт қымбаттап кеткенін айтады.
Мен бұрын Қарағандыдан Алматыға 6 мың теңгеге билет сатып алатынмын. Осы жолы бір билет қана таптым. Оның өзі 20 мың теңге деп тұр. Оған не себеп екенін ешкім айтқан жоқ. Сайттан аламыз ғой біз. Жолаушы Ұлпан
Сөмкелері мен қол дорбаларын арқалағандардың көпшілігі билетті алдын ала алып қойған. Қазір касса алдына келіп, кезекте телміріп тұрып билет алатындардың қатары сирек. Көпшілігі онлайн рәсімдейді.
Астана қаласына бара жатырмыз. Билетті 1 ай бұрын алып қойдық. Негізі билет тапшылығы бар. Жақындағанда 1-2 күн қалғанда билет пайда болады екен. Оны біз білмейміз ғой. Жолаушы Дана Әлиева
«Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясы билет тапшылығын жою мақсатында бар мүмкіндік жасалып жатқанын айтты. Ол үшін қосымша пойыздар мен вагондар санын арттыру да қарастырылған екен.
«2019 жылдан бастап біз өзіміздің ресми сайтымызда арнайы портал енгіздік. Ол порталдың мақсаты – алыпсатарларға тосқауыл қою. Бұл сайтта бір адам өзінің жеке кабинеті арқылы санаулы билет ғана сатып ала алады. Қазір жазғы маусымда 158 бағыт бойынша пойыздар қатынап жүр. Оның ішінде 11 бағыт Алакөлге барады», – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі Мәди Мұхамедқали.
Алакөлге барып демалатын қазақстандықтардың саны бұрынғыдан арта түспек. Себебі, Үшаралдағы әуежайдың ұшып-қону жолағы қайта жаңартылды. Әуежай 10 шілдеден бастап ұшақ қабылдай бастайды.