Арқалықта биіктен үстіне қыз құлаған полицей баспаналы болды
Патрульдік полиция қызметкері Алмат Әмірханға Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов қызметтік тұрғын үй кілтін табыстады. Бұған дейін полиция қызметкері туыстарымен бірге тұрып келген.
Айта кетсек, оқыс оқиға 7 қаңтарда болған. Балконнан салбырап тұрған қыз ақырында құлап түскен болатын. Бұл туралы қалалық ЖБО-ға сол маңнан өтіп бара жатқан адамдар таңғы сағат 05:30-да хабарлады. Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері Алмат Әмірхан мен Руслан Қапсаматов барып, жағдайды бағалап, қызды құтқару үшін барлық шараларды қабылдады.
"Полиция қызметкерлері өңірдегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді және күнделікті жұмыста қиын жағдайларға тап болады. Кейде адам өмірі тәртіп сақшыларының кәсіби әрекеттеріне байланысты болады. Осындай ерлік әрекеті үшін Алмат Әмірханды қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды", – деп атап өтті Арқалық қаласының әкімі.
Әзірге, құлап келе жатқан қызға өз денесін тосқан полиция қызметкері ем қабылдап жатыр. Құтқару кезінде ол аяғынан жарақат алған болатын.
"Енді отбасын құру туралы ойлануға болады", – дейді тәртіп сақшысы да.