Тоқаев жаңа заңға қол қойды
Бұл туралы ақпарат Ақорданың ресми сайтында жарияланды.
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының үкіметі арасындағы халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды, – делінген хабарламада.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Заң арқылы АҚШ қаржы институттарымен трансшекаралық іскерлік транзакциялары бар барлық шетелдік қаржы институттары салық төлеушінің есепшоты туралы ақпаратты хабарлауға міндеттелді.
Атап айтқанда, құжатта қаржылық ұйымдардың, соның ішінде несиелік, сақтандыру, брокерлік және басқа да осыған ұқсас компаниялардың қызметі қамтылған.
Келісімге қосылған қаржы институттары Қазақстанда шот ашқан АҚШ-тың барлық жеке және заңды тұлғалары туралы ақпаратты анықтауға және ашуға міндетті болады.
Сондай-ақ Қазақстан АҚШ-та есепшот ашқан барлық қазақстандық жеке және заңды тұлғалар туралы ақпаратты ала алады.
Үкіметтің пікірінше, бұл мәселедегі елдердің өзара іс-қимылы Қазақстан Республикасының бюджетіне оң әсер етеді.
Заң мынандай мүмкіндіктерге жол ашады:
қаржы жүйесін бақылауды қамтамасыз ету;
АҚШ-тан Қазақстан азаматтары мен тұрғындары туралы ұқсас ақпарат алу;
Қазақстан Республикасының қаржы институттарының әкімшілік шығындарын азайту;
келісім талаптарымен байланысты қаржы секторы үшін тәуекелдерді азайту.