Тоқаев Қырғызстанның Қазақстандағы мәдениет күндерінің ашылу шарасына қатысты
Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен және Еуропалық Кеңес президенті Шарль Мишельмен бірге Қырғыз Республикасының Қазақстандағы мәдениет күндерінің ресми ашылу шарасына қатысты, делінген Ақорда хабарламасында.
Президенттер Қырғызстанның Ұлттық тарихи мұражайының коллекциясы қойылған "Ықылым мұрасы" көрмесімен танысты. Содан соң қырғызстандық өнер шеберлерінің концертін тамашалады.
Концерт бағдарламасы аясында "Манас" эпосынан үзінді оқылып, халық ақыны Тоқтоғұл Сатылғановтың санаттары (дидактикалық өлеңдері) орындалды. Сондай-ақ халық жазушысы Шыңғыс Айтматовтың шығармаларынан үзінділер қойылды.
Сонымен қатар қазақ және қырғыз халықтарының бауырластығын дәріптеу мақсатында қырғыз өнерпаздары Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов сияқты тұлғаларымыздың бейнесін сомдап, екі халыққа кең тараған ән-күйлерді орындады.
Алдында Ақорда резиденциясында Қасым-Жомарт Тоқаев 26 қазанда Қазақстанға ресми сапармен келген Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишельмен келіссөздер өткізген болатын. Сондай-ақ олар БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізді. Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары бірлескен мәлімдеме жасады.


