Руслан Желдібай Путин мен Тоқаев қандай "үшжақты одақ" туралы айтқанын түсіндірді
Оның айтуынша, мемлекет басшысының Мәскеуге жасаған сапарына қатысты бұқаралық ақпарат құралдарынан сұрақтар келіп жатыр.
"Осыған байланысты Кремльде өткен Қазақстан мен Ресей президенттерінің келіссөзі барысында Қазақстан мен Өзбекстан территориясы арқылы Ресей газын тасымалдау жұмысын үйлестіру мақсатында құрамына Ресей, Қазақстан, Өзбекстан кіретін "үштік газ одағын" құру мәселесі қарастырылғанын атап өткен жөн", - деп жазды Руслан Желдібай.
Сонымен қатар Руслан Желдібай Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин барлық тараптың мүддесін ескере отырып, осы мәселенің ұтымды шешімін табу үшін үш ел сарапшыларының қатысуымен егжей-тегжейлі келіссөз жүргізу қажет деп санайтынын айтты.
Бұған дейін Тоқаевтың 28 қарашада Мәскеуге жұмыс сапары барысында Ресей президентінің Ресей, Қазақстан және Өзбекстанның үшжақты одағын құру, оның ішінде газ саласындағы мәселелерді шешу жөніндегі ұсынысын қолдағаны атап өтілген еді.
Сонымен бірге сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ресейлік инвестицияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды ел экономикасына барынша көп тарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтты. Оған қоса Тоқаев Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығын кеңейте алатын салаларды атады.