Тоқаев Қытаймен азаматтық авиациядағы төтенше жағдай кезіндегі ынтымақтастық туралы заңға қол қойды
Келісімнің мақсаты – Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылатын тәжірибесіне сәйкес апатқа ұшыраған әуе кемелеріндегі жолаушылар мен экипаждарды іздестіру және құтқару бойынша мемлекеттердің іздестіру-құтқару қызметтері арасындағы ынтымақтастықты күшейту.
Келісім көршілес мемлекеттердің әуе кемелерін іздестіру және құтқару саласындағы іс-қимылдарды үйлестіруді жеңілдетеді.
Парламентте құжатты талқылау барысында атап өтілгендей, іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру және іске асыру өзара іс-қимылдың нақты алгоритмін қарастырады.
Атап айтқанда, іздестіру-құтқару аймақтарының шекарасы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасымен және оған іргелес жатқан аумақтар арасындағы шекарамен белгіленеді. Қазақстан мен Қытай аумағында, сондай-ақ іргелес аумақтардағы барлық іздестіру-құтқару жұмыстары әрбір мемлекеттің заңнамасына сәйкес іске асырылады.