Елордада ашық сот отырысына шартты түрде сотталғандар шақырылды
"Астана қаласы Сарыарқа ауданының пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғанның сот тағайындаған міндеттерін орындамағаны, сондай-ақ пробациялық бақылаудың тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін бас бостандығын шектеу түріндегі жазасының өтелмеген мерзімін бас бостандығынан айырумен ауыстырды. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін жазасын өтеу үшін С. түзеу мекемесіне жолданады". Астана қаласы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі
Осыған орай, Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 аудандық сотында ашық сот отырысы өтіп, оған аудан прокуроры, мемлекеттік айыптаушы, мемлекеттік қорғаушы, пробация қызметінің қызметкерлері, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандар қатысқаны да нақтылынады.
"Мен мұндай ашық сот отырысына бірінші рет қатысып отырмын. Қызметкерлер бізге бұзушылықтың немен аяқталатынын үнемі ескертеді, бірақ біз оны әрдайым ескермейміз, бірақ көзбен көрген соң ойланып қалдым. Сот залынан қолына кісен салып, алып кеткені мен үшін ауыр болды", - деді сот отырысына қатысқан жазасын өтеушілердің бірі.
Сот отырысында сотталған жазаны өтеу тәртібін бұзу фактілерін толығымен мойындаған.
Пробация қызметі қызметкерінің айтуынша, көбіне сотталғандардың әлеуметтік бағыттан алшақтауынан, яғни тұрмыстық проблемаларының дұрыс жолға қойылмағандығынан қайта қылмыс жасау орын алады.
Қайта қылмысқа жол берген, түзу жолына түспей екі не одан да көп ескерту алған сотталғандар бас бостандығынан айыру орындарына жіберіледі.