Конституциялық сот бала асырап алуға қойылатын талаптардың бірін Конституцияға сай келмейді деп таныды
Конституциялық сотқа Н. есімді азаматшадан Жоғарғы соттың 2016 жылғы 31 наурыздағы "Соттардың бала асырап алу жөніндегі заңнаманы қолдану практикасы туралы" № 2 нормативтік қаулысының 3-тармағы 5-абзацының Конституцияға сай келетінін қарау туралы өтініш түскен.
Даулы нормаға сәйкес, баланы асырап алу кезінде арыз берушінің күйеуі баланың әкесі екені анықталса, арызға әкесі екенін растайтын молекулярлық-генетикалық сараптаманың қорытындысы қоса берілуге тиіс. Мұндай қорытынды болмаған жағдайда, арыз қаралмайды.
Арызданушының шағымына сенсек, бірінші және аппелияциялық инстанцияның судьялары Жоғарғы соттың осы түсіндірмесіне сілтеме жасай отырып, күйеуінің асырап алғалы отырған баланың әкесі екенін растайтын молекулярлық-генетикалық сараптаманың қорытындысы жоқ болғандықтан, баланы асырап алу туралы арызын қайтарып берген. Ал күйеуі некеге тұрмаған басқа әйелден туған баланың туу туралы куәлігінде әкесі ретінде жазылған. Алайда ол сараптама қымбат болғандықтан, одан өтуден бас тартқан.
Осылайша жаңа императивтік норма енгізілді.
Конституциялық сот Жоғарғы соттың молекулярлық-генетикалық сараптаманы әке ретінде танудың қажетті дәлелдемелерінің бірі деп танитын құқықтық ұстанымы сот шешімдерінің дәлелді базасын нығайтуға жәрдемдесетінін және бала құқығын қорғайтынын, бұл осы санаттағы істерді қарау үшін маңызды екенін мойындайды.
Алайда молекулярлық-генетикалық сараптама қорытындысын сотқа берілетін бала асырап алу туралы арызға қоса беру туралы императивті талап және осы талап сақталмаған кезде арызды қайтару Конституцияның 13-бабының 2-тармағына сәйкес келмейді. Конституциялық Соттың пікірінше, соттың өзі сот процесінің барысында істі дәлелдеу үшін қажетті және жетіспейтін сараптаманы (оның ішінде молекулярлық-генетикалық) тағайындауға, оны қандай да бір ұйымда жүргізудің заңдылығын тексеруге, ондағы тұжырымдарды бағалауға және ескеруге құқылы.
Дегенмен Конституциялық сот материалдық қиын жағдайда жүрген, молекулярлық-генетикалық сараптама жүргізу үшін ақы төлеу мүмкіндігі уақытша жоқ азаматтар үшін, сондай-ақ азамат аталған сараптаманың сот процесі барысында жүргізілуіне үміттенген өзге де жағдайларда молекулярлық-генетикалық сараптаманың болмауы сотқа жүгінуге кедергі келтірмеуге тиіс екенін атап өтті.
Мұндай жағдайларда сот азаматтың арызын қарауға қабылдауға және жаңа технологиялардың дамуымен сараптамалардың көрсетілген немесе өзге түрін тағайындауға тиіс. Мұндай тәсіл баланың мүддесін барынша толық қамтамасыз етуге ықпал етпек.
Конституциялық сот конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын, халықаралық тәжірибені және жекелеген шет елдердің заңнамасын талдай отырып, Жоғарғы соттың "Соттардың бала асырап алу жөніндегі заңнаманы қолдану практикасы туралы" Конституцияның 3-бабының 4-тармағына, 13-бабының 2-тармағына, 39-бабының 1-тармағына, 61-бабы 3-тармағының 1) және 6) тармақшаларына сәйкес келмейді деп таныды.