Қостанай облысындағы бөгетті жөндеуге бөлінген бюджет ақшасын ұрлағандардың соты өтті
Қостанай қаласының №2 сотында алаяқтық, бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде ұрлау фактісі бойынша "Energy Constrution-2020" ЖШС директоры Д.-ға, "Құрылыс Экспертиз" ЖШС сарапшысы А.-ға (ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы) және "Жангелді ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесінің басшысы А-овқа қатысты абайсызда ауыр зардаптарға әкеліп соққан салғырттық (ҚР ҚК 371-бабының 2-бөлігі) бойынша қылмыстық іс қаралды.
Сотта 2020 жылы республикалық бюджеттен Жангелді ауданындағы Шилі бөгетін күрделі жөндеуге 173 млн теңге бөлінгені, Жангелді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жариялаған тендерді "Energy Constrution-2020" ЖШС жеңіп алып, онымен келісілген мерзімде бөгетті күрделі жөндеуге келісім-шарт жасалғаны анықталды. Бөгеттегі техникалық қадағалауды "Құрылыс Экспертиза" ЖШС сарапшысы А. жүргізген. Жұмыс барысында А. мен Д., алдын ала сөз байласып, жұмыс көлемін асыра бағалау арқылы бюджет қаражатын жымқырған.
"Бөгет бойынша іс жүзінде 91 623 091 теңгенің жұмысы орындалды, алайда А. мен Д. келісім-шарт бойынша бөлінген 173 043 023 теңгенің барлығына атқарылған жұмыс актілерін толтырған. Жұмыс туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтін барлық орындалған жұмыс актілері үшін тапсырыс беруші – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі 173 043 023 теңгені мердігерге аударады, кейін А. мен Д. артық қаражатты жымқырған. А-ов., орындалған жұмыс актiлерiнде көрсетiлген мәлiметтердiң дұрыстығын тексермей, оларға қол қойып, сол арқылы объектiнi пайдалануға қабылдаған.Д., А. және А-овтың қылмыстық әрекеті салдарынан "Қостанай облысы Жангелді ауданы әкімдігі" ММ түрінде мемлекетке жалпы сомасы 81 419 932 теңге материалдық шығын келтірілген", делінген сот хабарламасында.
Прокурор сотталушы А.-ны 6 жыл 6 айға, Д.-ны 5 жылға, А-овты 2 жыл бас бостандығын шектеуді сұрады. Жәбірленуші ММ-нің өкілі талап арызды толық көлемде талап етіп, жазаны соттың қарауына қалдырды.
Жасалған әрекеттің сипатын және қоғамдық қауіптілік дәрежесін, істің барлық мән-жайларын ескере отырып, сот қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен А. мен Д.-ның әрқайсына 6 жылға бас бостандықтарынан айыру туралы үкім шығарды.
Сондай-ақ А. техникалық қадағалауды жүзеге асыруға байланысты қызметпен айналысу құқығынан 7 жыл мерзімге, ал Д. құрылысқа байланысты коммерциялық ұйымдарда 7 жыл мерзімге басшы лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. А-ов ҚР ҚК-нің 371-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, 71-бабының 1-бөлігінің 2-тармағының негізінде ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды.
Жангелді ауданы әкімдігінің талап арызы қанағаттандырылып, А. және Д.-дан мемлекет кірісіне бірлесіп 81 419 932 теңге материалдық шығын, сондай-ақ әр қайсынан мемлекет кірісіне 1 221 299 теңге мемлекеттік баж өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.