Дүкенде келіншектің омырауына қол жүгірткен ер адамды касса түбіртегі "ұстап берген"
Соңғы кездері елімізде зорлық-зомбылықпен қоса, қыз-келіншектердің денесіне рұқсатсыз қол тигізіп, тиісетіндер көбейген. Оған желідегі видеолар дәлел. Қоғамда дау тудырған сегіз апта бұрын болған оқиғаны жиіркене еске алатын Инесса бөтен еркектің ессіз әрекеті өзіне қатты соққы болғанын айтады, деп хабарлайды КТК.
"Сол күні құрбым екеуміз көлікке жанармай құюға шыққанбыз. Жолшылай керекзаттарымызды да алайық деп дүкенге соқтық. Кіргеніміз сол еді, бұрыла бергенімде бәзбіреу кеудеме қолын сұғып алды. 3-4 секунд ішінде не болғанын түсінбей, абдырап қалдым. Бір сәтте өзімді қорғансыз сезініп, өте жаман күйге түстім".Алматы тұрғыны Инесса Әбдірахманова
35 жастағы азаматтың бейәдеп әрекеті дүкеннің бейнебақылау камерасына анық жазылып қалған. Оны табуға да, сонымен қоса төлем жасаған түбіртектің көмегі тиіпті. Анықталғандай, Алматыға Атыраудан уақытша келген екен. Сол күні мас күйде болыпты.
"Денелі болғандықтан, тіпті ұрғанымды да сезбеді. Досымен қарқылдап күліп, таксилеріне отырып кетіп қалды. Артынан барлығы видеоны жариялағанмен, әділдікке қол жеткізе алмайсын деді. Тек туыстарымның тарапынан қолдау көп болды. Сөйтіп видеоны сұрап алып, арыз жаздым. Бес күнге қамалған ол төрт баласының бар екенін айтып кешірім сұрады. Өзім ана болғасын ғана жұмсақтық таныттым". Алматы тұрғыны Инесса Әбдірахманова
Еліміздегі құқық қорғаушылар бұл, әдетте үнсіз жабылатын тақырыптардың бірі екенін айтады. Себебі жәбірленуші қоғам сынынан, күлкіге қалудан қорқады. Енді бірі жай ғана қалай қарсы әрекет етерін білмейді. Ең өкініштісі, заң бойынша ешкім жауапқа тартылмайды. Яғни жыныстық бопсалау немесе харассмент деп аталатын зорлық-зомбылықтың бұл түрі қазіргі заңнамада дұрыс қамтылмаған. Елімізде қыз-келіншектер өзіне әлімжеттік жасап, тәніне қол жүгіртетін азаматтарды қатаң жазалауды сұрайды.