Өздігінен жүріп кетіп, бес адамды мерт қылған автобус: Шымкентте атышулы іске қатысты сот отырысы өтті
Көлікті еңіс жерге тастап кеткен автобус жүргізушісіне "екі немесе одан да көп адамның абайсызда өліміне әкеліп соқтырған жол ережесін бұзу" бабы бойынша айып тағылады. Сотталушының адвокаты оған тағылған айыптармен келіспеді.
Біртүрлі жол апаты
Қайғылы оқиға 2023 жылы 8 сәуірде сағат 18:30 шамасында "Метро" сауда орталығы ауданындағы екі көшенің қиылысында орын алды. Шымкентте жолаушылар автобусы жолдың қарама-қарсы бетіне, одан кейін тротуарға шығып кетіп алты адамды қақты. Автобус рөлінде ешкім болмаған. Апат салдарынан бес адам көз жұмды (үшеуі - оқиға орнында, екеуі - ауруханада), ал тірі қалған жалғыз адам мүгедек болып қалды.
Кейіннен тасымалдаушылармен арада өткен шұғыл кездесуде жүргізуші автобустың тежегіш тартқышын тартып қоюды ұмытып кеткені туралы ақпарат айтылды. Осыдан кейін шымкенттік тасымалдаушылар үшін ЖКО талаптары күшейтілді.
Жүргізуші өкініш білдірді
Іс материалдарында 49 жастағы Хайрулла Юлдашевтың аты аталады. Сол күні бес баланың әкесі № 21 қоғамдық көлікті тізгіндеген. Аталған іс Шымкент қалалық қылмыстық сотында қаралуда. Бірінші сот отырысында судья Жанат Мүсірәлінің өзі тікелей сотталушыдан жауап алды. Оның сұрақтарына жауап бере отырып, ер адам болған оқиғаға қатысты өз өкінішін білдірді.
"Менің бес балам бар. Shymkent Bus компаниясында жүргізуші болып жұмыс істеймін. Бұрын сотты болған емеспін. Шымкентте тұрамын. Айыптау актісін алып, онымен таныстым. Болған оқиғаға өкініш білдіремін", - деді Хайрулла Юлдашев сотта.
Сотта Юлдашевтің мүддесін адвокат Бақытжан Сатыбалдиев қорғауда. Сотталушының жұбайы мен ағасы қоғамдық қорғаушы ретінде сипатталады.
Бірінші сот отырысы қалай өтті
Сот отырысында сотталушының адвокаты, мемлекеттік айыптаушы, сондай-ақ судья жәбірленуші тараптан жауап алды. Қаза тапқандардың туыстары Shymkent Bus автопаркі материалдық шығын ретінде 5 млн теңге төлегенін мәлімдеді.
Белгілі болғандай, қаза тапқан екі әйел оқиға орнына жақын маңдағы сауда орталығында сатушы болып жұмыс істеген. Үйге қайту үшін жолды кесіп өтпекші болғанда оларды автобус қаққан.
Үшінші марқұм құрылыс дүкенінде менеджер болып жұмыс істеген. Әкесі қызының сәуір айының соңында күйеуге шықпақшы болғанын айтты. Тағы екі марқұмның мектеп оқушылары екені белгілі болды.
"Менің қызым жол апатынан қаза тапты, жүргізуші кінәлі емес дегенмен келіспеймін. Неге ол автобусты жарға қалдырып кетеді? Неліктен ол оны дұрыс, түзу жерге қоймайды? Мен жалғыз қызымнан айырылып отырмын, ол әлі күйеуге шықпаған, тіпті немере де сүйе алмадым. Қызым отбасының асыраушысы еді. Қызым маған үнемі уайымдама деп айтатын. Менің ойымша, жүргізуші толығымен кінәлі. Оның кесірінен бес адам қаза тапты. Оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы берілсін", - деді жол апаты кезінде қаза тапқандардың бірінің анасы Алтынай Тоғатаева сотта.
"Автобус паркін жауапкершілікке тарту керек" - сотталушыны қорғаушы тарап
Қоғамның қызу талқысына түскен істі Шымкент қаласының арнайы прокуратурасы бес айдан астам уақыт бойы зерделеді. Осы уақыт аралығында Юлдашев тергеу изоляторында болды. Тергеу мәліметтері бойынша, ер адам көлікті қоюға болмайтын жерге қойып кеткен және тежегіш тартқышты тартпаған. Алайда сотталушының анасы айыптаулармен келіспейді. Гүлжамал Юсупалиева бірінші кезекте автобус паркін жауапкершілікке тарту керек деп санайды.
"Видеоны көрсетті ғой, ұлым автобусты тастап, дәретхана іздеп кеткен. Ал одан шыққанда автобустың ылдимен зырлап бара жатқанын көріп, бірден солай қарай жүгірді. Біз көліктің өзінде қандай да бір ақаулар болған деп санаймыз. Ал автопарк таңертең автобусты тексеріп шығаруы керек, олар өйтпеген. Ұлым тежегіш тартқышты тартқан. Әйтпесе ол бірден жүріп кетпейді ме, ал ол болса бірнеше минут бір орнында тұрған. Марқұмдардың туыстары бізді кешірім сұрамады деп айыптап жатыр. Бірақ біз олардың үйлерін тауып барып, кешірім сұраған болатынбыз", - дейді сотталушының анасы.
Өз кезегінде сотталушының адвокаты құқық қорғау органдары бастапқыда істі басқа баппен қарағанын айтты. Оның айтуынша, жол апаты кезінде Юлдашев көлікте болмаған және болған жайт автобустың техникалық ақаулығына байланысты орын алуы мүмкін.
"Автобус күні бойы тоқтамай жүргендіктен тежегіш жастықшалары қызып, істен шығуы мүмкін. Көлік компаниясының директоры зардап шеккендердің отбасыларына 5 миллион теңгеден төлеп, кешірім сұрады. Егер көлік компаниясы кінәлі болмаса, онда олар неге 5 миллион моральдық шығын төлейді? Сондай-ақ, менің қорғаушыма тағылған 345-баптың 4-бөлігі бойынша айып дұрыс тағайындалмағанын айтқым келеді. Бапты қайта өзгерту керек, өйткені жүргізуші бұл уақытта көлікте болмаған, яғни апат абайсыздықта емес, қателіктен болған", деп түсіндіреді сотталушының адвокаты.
Келесі сот отырысы 27 қыркүйекке жоспарланған. Ол кезде 20 куәгерден жауап алынады.