"Оператор" РОП" ЖШС және вице-министр ісі: Сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды
Алдында бұл іс бойынша Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 250-бабының 1-бөлігі, 361-бабының 4-бөлігі бойынша үкім шығарған болатын.
Бірінші сатыдағы сот 2016 жылдан бастап РОП-тың үш басшысы кезектесе отырып, экология вице-министрінің (бұрынғы ҚР ЭМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы) көмегімен, пайдаланудан шыққан көлік құралдарын артық құны бойынша кәдеге жарату жөніндегі үлестес науқан қызметтеріне негізсіз ақы төлеу жолымен аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын бірнеше рет жымқырғанын анықтады. Келтірілген залалдың жалпы сомасы - 26,8 млрд теңге.
Бұдан бөлек, экология вице-министрі өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып, заңсыз бұйрыққа қол қойған, аталған бұйрыққа сәйкес кәбіл-өткізгіш өнімдерін өндірушілердің және импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелерін енгізіп, 325 млн теңгеден астам залал түрінде мемлекетке ауыр зардаптар келтірген. "Оператор РОП" ЖШС-ның басшылары экс-вице-министрдің көмегімен Қазақстан аумағында 6 қоқыс жағатын зауыт салу кезінде ЖШС-ның шотындағы 180 млрд теңгені жымқыруға оқталған; ЖШС-ның басшысы К. дивидендтер төлеу түріндегі бюджет қаражатын 920 млн теңге мөлшерінде жымқырған.
"Сот үкімімен ЖШС-ның директоры К., К. М., бұрынғы вице-министр П. 7 жылға, рақымшылық жасау туралы актіні қолдана отырып, қаржы директоры Т. 1 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. Азаматтық талап қою "Ж" АҚ-ның пайдасына 28,2 млрд теңге сомасына қанағаттандырылды. Сондай ақ мемлекет кірісіне қылмыстық жолмен алынған жылжымалы және жылжымайтын мүлік тәркіленді", делінген сот хабарламасында.
Апелляциялық шағымдарда сотталғандар мен олардың адвокаттары сот үкімінің күшін жоюды және оларды ақтауды сұрады, мүдделі тараптардың өкілдері қылмыстық жолмен алынған мүлікті тәркілеу туралы үкімге шағымданды.
"Апелляциялық шағымдардың дәлелдерін, қылмыстық іс материалдарын зерделеп, процеске қатысушылардың дәлелдерін тыңдағаннан кейін сот алқасы сотталғандардың кінәсі ұсынылған дәлелдемелер жиынтығымен, оның ішінде жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен, мамандармен және аудиторлық есептермен дәлелденді деген қорытындыға келді. Астана қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 22 қыркүйектегі қаулысымен үкім өзгеріссіз, ал апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылды", делінген сот хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енді.