Полицейлер орманшыға жасалған шабуыл фактісін тексеріп жатыр
Құзырлы орган атап өткендей, бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы бойынша Медеу аудандық полиция басқармасымен тіркеліп, тексеріліп жатыр.
"Қазіргі уақытта осы қылмысты ашуға бағытталған жедел және тергеу іс-шараларының кешені жүргізілуде", делінген ПД хабарламасында.
Айта кетсек, әлеуметтік желіде 29 қыркүйекте Іле-Алатау ұлттық паркінің инспекторы соққыға жығылғаны туралы ақпарат пайда болды. Бұл туралы оның әпкесі жеткізді. Ол оқыс оқиға 29 қыркүйекте Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағында болғанын айтады.
"Төрт белгісіз адамның ұлттық парк аумағына заңсыз кіруіне жол бермеуге тырысқан Каменский орманшылығының Медеу филиалының инспекторы шабуылға тап болды. Қара түсті (Раптормен боялған) Toyota Land Cruiser көлігіндегі қаскөйлер "Мокрый ключ" шатқалына бару үшін жабық тұрған шлагбаумды тросттың көмегімен жұлып алуға тырысқан", делінген хабарламада.