Алматыда қылмыс жасады деген күдікпен хостелді жалға беруші ұсталды
2023 жылы 30 қарашада "Алматы Хостел" ғимаратындағы өрт оқиғасына байланысты ҚР ҚК-нің 292-бабының 3-бөлігі, "Абайсызда екі не одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
"Бас прокурордың тапсырмасына сәйкес қылмыстық іс арнайы прокурордың іс жүргізу өндірісіне қабылданды. Құқық қорғау органдарының тәжірибелі қызметкерлерінен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Өрттің шығу себебі мен алғышарттарын анықтау мақсатында оқиға орнына қарап-тексеру жүргізіліп, сараптамалар тағайындалып, өзге де жедел-тергеу іс шаралары ұйымдастырылуда. Сол күні осы қылмысты жасады деген күдікпен хостелді жалға беруші Мухамедъяров А. прокурорлармен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына оқшауландырылды. Тергеу аясында хостелдің қызмет көрсетуіне қатысы болған барлық тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі", делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қылмыстық іс тергеуі Бас прокурордың бақылауында екендігі де нақтыланады.
Айта кетсек, қайғылы оқиға 30 қарашада таңертең Әди Шәріпов көшесінде болды, өрттен 13 адам қаза тапты. Қаза тапқандардың төртеуі – шетелдіктер (Ресей азаматтары – 2, Өзбекстан азаматтары – 2), тоғызы – қазақстандықтар.
Оқиға орнында болған Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев хостелдің заңсыз жұмыс істегенін атап өтті. Жер учаскесінің нысаналы мақсаты: дүкенді пайдалану және қызмет көрсетуге арналған.
Оқыс оқиғаның нақты себебін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды.