Түркістанда өздері алмаған несиені төлеуге мәжбүр 50-ге жуық адам кімнен көмек сұрарын білмей дал
Жарты жыл ішінде Ғалымжан Бақберді есімді менеджер зейнетақы мен жалақы алу үшін карта ашып беруді өтінген жұрттың сыртынан 200 мың мен бір жарым миллион теңге аралығында несие картасын ашып, оны өзі жаратып отырған. Кейін банктен өз еркімен шығып кеткен ол тергеуде алаяқтыққа барғанын мойындаған. Соған қарамастан қомақты қарыз арқалаған 50-ге жуық адам несиені өздері төлеуге мәжбүр. Олардың көбісі зейнеткерлер мен мұғалімдер. Жалақы мен зейнетақы алу үшін банк картасын аштыруға келген жұрттың атынан банк менеджері қосымша несие картасын рәсімдеген. Ондағы қаржыны өзі жұмсап, жұрттың есебінен шалқып өмір сүріпті. Атына несие рәсімделгенін тұрғындар айлық пен зейнетақыны аз ала бастағанда ғана болған жайтты бір-ақ білген. Қазір олар банкке барудан да шошып қалған, деп хабарлайды КТК.
"Келтірілген шығын халықтан өндірілетінін айтып отыр. Заңның талабына сәйкес, бүкіл банк қызметкерлерінің іс-әрекеті бойынша банк жауапты болуға тиіс. Бұл заңсыз деп санаймыз. Өздерін жәбірленуші танудан бас тартып отыр. Ал банк басшылары заңсыз рәсімделген несие пайызы уақытша тоқтатылды дейді. Бірақ негізгі қарызды кімнің қайтаратыны, әзірге белгісіз".Заңгер Батырбек Арынтаев
"Сотқа өтті, сот шешімін біз де күтіп отырмыз. Қазір соттың шешіміне қалай қабылдайды, кімді жәбірленуші ретінде, кімді айыпты ретінде таниды, содан кейін барып "Халық банк" жауап бере алады. Одан кейін барып біз жауап бере аламыз. Бізді қазір тіпті куәгер ретінде де шақырып жатқан жоқ"."Халық Банк" АҚ Қазығұрт ауданы филиалының басқарма басшысы Мейірбек Лебаев
"300-300-ден 900 мың теңге алған, менің атымнан үш рет несие алған. Сөйтіп кейінгісі зейнетақыдан ұстала берген ғой. Сонымен бір миллион болды. Қарызым 18 мың теңгеден келіп жатыр, менің телефонымда да бар, 30 мыңы тағы бар. Кейінгісінде 70 мың теңгені бір-ақ ұстады. Сонымен 100 мың теңгеге бір-ақ жеттік", - дейді зейнеткер Махамбет Бертаев.
Талайды тақырға отырғызған банк менеджерінің ісі немен аяқталары белгісіз. Ал банк картасын аштырамыз деп белшесінен қарызға батқандар оның қатаң жазалануын талап етіп отыр.
"Сізге бонус карта шығарып қойдым, болды енді, осымен барасыз да, ақшаңызды шеше бересіз деді. Сөйтіп кейін біліп отырмын, менің атымнан 1 миллион теңгеге кредит карта шығарып жіберген. Паролін өзі білетіндей ғып ауыстырып, бір жыл бойы үздіксіз алып-салып, пайдаланып отырған екен. Бір жылдан кейін, менің ақшамды ол кісі төлемей қояды, ақшам азайып отырады. Декрет демалысым бітіп, қайтадан жұмысқа шықтым, сонда айлығымда 30 мың теңге, 40 мың теңге кем болады. Сол кезде білдім", - дейді мұғалім Айнұр Сәтенбаева.