Павлодар облысы әкімінің орынбасарын бопсалады деп айыпталған келіншек 3 жылға сотталды
Сот әйелді ҚР ҚК 194-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
"Орташа қауіпсіздік колониясында жазасын өтей отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын", - деді қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Нұрлан Айтбаев үкімді жариялай отырып.
Судья сотталушының жазасы төменгі шектен де төмендетіліп тағайындалғанын нақтылай кетті. Қазылар алқасы әйелдің жақында мүгедек баласынан айырылғанын ескерді.
Павлодар қаласы тұрғынының үстінен 2023 жылдың қараша айында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов арызданды. Ол сотқа 2023 жылдың сәуірінде "мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар" санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған, жұмыссыз 1985 жылғы жесір келіншек өзімен әлеуметтік желі арқылы танысқанын жеткізді. Ол оның мәселесін зерттеп, көмектеспекші болады.
Сондықтан, оның айтуынша, кейіннен шенеунік пен жаңа танысы әрдайым байланыста болған. 2023 жылдың мамыр-қыркүйек айлары аралығында ол оған 50-ден 160 мың теңге аралығындағы ақшаны материалдық көмек түрінде беріп тұрған.
Ал 2023 жылдың қыркүйегінде әлгі келіншек Серік Батырғожиновтан 10 мың АҚШ долларын беруді сұрайды, сөйтіп олардың арасында байланысы бары, өзін облыс әкімі орынбасарының қызметтік кабинетінде зорлауы-мыс туралы ақпаратты жария етемін деп бопсалаған. Бір айдан кейін ол 20 миллион теңге талап еткен, содан кейін шенеунік полицияға арыздануға мәжбүр болған.
Іс бойынша айыптаушы сотталушының кінәсі дәлелденген деп санап, оған бопсалау санкциясының белгіленген төменгі шегі - жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Алталған қылмыс үшін жазаның максималды мерзімі - 15 жыл.
Сотталушының өзі сотқа бұл бопсалау емес екенін, орын алған оқиға - "кеңседегі зорлаудан" кейін уәде етілген талабы екенін айтты. Аталған іс бойынша сот талқысы 22 сәуірде басталған болатын.
Белгілі болғандай, сот шешімімен әйелдің екінші баласы туысының қамқорлығына беріледі. Үкім заңды күшіне енген жоқ.