Диполматтың әйелін жүйелі түрде ұрып-соғуы: СІМ қызметтік тексеріс жүргізетін болды

СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров 13 мамырда өткен брифинг барысында бұл істі министрлік ерекше бақылауға алғанын мәлімдеді.
"Карина Мамаштың күйеуі дереу елге шақырылды, яғни 6 мамырда ол БАӘ-дегі елшіліктен Қазақстанға ұшып шықты. 9 мамырда шекарадан өткеннен кейін, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ол қызметінен босатылды. Өздеріңіз білетіндей, құқық қорғау органдары оған қатысты қылмыстық іс қозғады. Бұл істің егжей-тегжейі бізге беймәлім және оған араласуға да құқығымыз жоқ", - деді Айбек Смадияров.
Ол Карина Мамашпен жеке кездескенін және Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі оған барлық қажетті қолдауды көрсетуге әзір екенін атап өтті.
"Біз Каринаға көмек көрсететін боламыз, мен онымен жекелей кездестім, біз барлық мәселені талқыладық. Ол қорықпауы керек, біз оған көмектесеміз. Консул және сол жерде болған біздің қызметкерлер алгоритм бойынша әрекет етті. Олардың барлық қажетіні жасады. Қызметкерлердің де, оның да дипломатиялық қол сұғылмаушылық құқығы бар, ел аумағына оралғанда барлық қажетті шаралар жасалды", – деп толықтырды сөзін Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, жыл сайын шетелге шыққанда елшіліктердің барлық қызметкері арнайы психологиялық және неврологиялық комиссиядан өтеді. Сондықтан осы арыз бойынша министрлікте қызметтік тексеру жүргізіледі.
"Жақында ғана біз мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, барлық қызметкердің психоэмоционалдық жай-күйі бойынша тестілеуден өтуі үшін тағы бір бағдарламаны іске қостық, өйткені шетелде жұмыс істеу үшін мұқият іріктеу жүргізу қажет", - деп сөзін қорытындылады Айбек Смадияров.
Сәкен Мамаштың әйелін 10 жыл бойы ұрып-соғып келе жатқаны туралы 2024 жылдың 6 мамырында белгілі болды. Содан кейін әйел қоғам белсенділерінен көмек сұрап, өз басындағы жағдайды әлеуметтік желі арқылы баршаға жариялады. Ол жұбайын дипломат мәртебесінен айырып, түрмеге қамауын сұрайды.