ШҚО-дағы мектептерде 15 мыңға жуық оқушыға порнографиялық контенттер қолжетімді болған
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасының хабарлауынша, Өскеменнің жеті мектебінде сабақ барысында порнографиялық сипаттағы сюжеттер іздестіріліп, қаралған, сол секілді Шемонаиха ауданындағы сегіз мектепте букмекерлік кеңселердің (1хбет, олимп) сайттары ашылған.
"Балалардың интернетке қолжетімділігін шектейтін бағдарламалық қамтамасыз етудің жоқтығы түріндегі осы тектес бұзушылықтар Риддер қаласында (15 мектеп), Алтай (6 мектеп) Самар (19 мектеп) және Ұлан аудандарында (1 мектеп) анықталды", делінген құзырлы ведомство хабарламасында.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша облыс прокуратурасы облыстың барлық мектептерінде тиісті бағдарламалық қамтамасыз етуді орнату және кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдау мәселесін көтеріп, облыстың білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету Департаментіне қадағалау актісін енгізді (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабының 7-2-бөлігі).
Көріп отырғанымыздай, бүгінде балалар әлеуметтік кеңістікті белсенді пайдаланушылары болып табылады және мектептерде зиянды интернет сайттарға жиі кіреді.
Осыған байланысты, ықтимал келеңсіз салдарды ескеріп, прокуратура органдары ата-аналардың назарын балалар қарайтын интернет-контентті қадағалап, олармен қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігіне назар аударады.