Шымкентте кішкентай баланы терезеден лақтырып жіберген ер адам түрмеге тоғытылмайтын болды
Резонанстық іс қылмыстық істер бойынша ауданаралық сотта ашық қаралды. Сот отырысы барысында сотталушының ақыл-есі кем күйінде қылмысқа барғаны анықталды: ол баланың жылағанына ашуланған. Белгілі болғандай, айыпталушы ұзақ уақыт бойы шизофрениямен ауырады. Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны психиатриялық емдеуден мәжбүрлі түрде өткізуді сұрады.
"Судьяның қорытындылары куәгерлердің айғақтарымен, заттай дәлелдемелермен, бірнеше сот сараптамаларының қорытындысымен расталады. Прокурор Мырзахановты ҚР Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігінде көзделген іс-әрекетті ақыл-есі кем күйде жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатуды және оған мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түріндегі медициналық сипаттағы шараларды тағайындауды және іс жүргізуді тоқтатуды сұрады. Жәбірленушілер мен қорғаушы тарап прокурордың ұстанымымен келісті", - деп хабарлады Zakon.kz сайтына Шымкент қалалық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаев.
Оқыс оқиға 2023 жылдың қарашасында Шымкент қаласы тұрғындарының жағасын ұстатты. Жантүршігерлік оқиға Иляев көшесіндегі көппәтерлі үйде болды. Сотталушының диагнозын ескере отырып, сот айыпталушыны психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеуге үкім шығарды. Дәрігерлердің бақылауында қанша уақыт болатыны белгісіз: бәрі оның жағдайына байланысты.
"Мирзахановқа шизофрения диагнозы қойылған. Ол ұзақ уақыт бойы есепте. Бұл жерде адамның өз-өзін ұстай алмауы, яғни психикалық ауру екендігі де маңызды рөл атқарады. Баланың жылауы осындай қылмыс жасауына итермеледі. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, бізде тек есі дұрыс адамдар ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Есі дұрыс емес, яғни психикалық ауытқуы бар адамдар жауапкершіліктен босатылады. Бірақ олар ұдайы бақылаудағы психиатриялық ауруханаға мәжбүрлеп емделуге жіберіледі", - деді судья.
Айта кетсек, марқұм бала көптен күткен және отбасының жалғызы болған. Бала өте ауыр жағдайда облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Ол көптеген жарақатына байланысты жансақтау бөліміне жатқызылды, содан кейін балаға ота жасалды. Дәрігерлердің жұмсаған барлық күш-жігеріне қарамастан, баланы құтқару мүмкін болмады.