Жиналыс үстінде ұсталған шенеунік: Шымкентте қоғамдық резонанс тудырған іске қатысты сот өтті
Otyrar.kz басылымының хабарлауынша, сотта шенеунік пен кәсіпкерден сұрақ-жауап алынды. Екеуі де журналистерге өздерін суретке түсіруге тыйым салған.
Қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарған Азат Момынов бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген. Талан-таражға түскен қаржыдан "ауыз тиді" деп айыпталып отырғандар қатарында жеке кәсіпкер де бар.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің ақпараты бойынша, экс шенеунік қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бөлінген қаражатты ұрлаған деп күдікке алынған. Айыпталушылар келтірген залалдың болжамды сомасы – 120 милиион теңгені құрайды.
Олардың қорғаушылары әділ соттан үмітті.
"Тікелей әкімнің алдында өтіп жатқан жиында ұстап алып кеткен еді. Бұл сол кезде қоғамдық резонанстар тудырды. Қоғамдағы пікір екіге жарылды. Біз бүгінгі оларды өте бір үлкен қателікке орын алдырды деп ойлаймыз. Алдын ала "осылай болады" деп айту өте қиын. Өзіңіз біліп отсыз, бұл жағдай үлкен қоғамдық резонанс тудырып отыр. Ал, қоғамдық резонанс туындаған қылмыстық істерде ақталып жатқандар шамалы".Шымырбай Ағабеков, адвокат
Бүгінгі тыңдалымда қорғаушылар қылмыстық істі қайта қарау үшін прокурорға қайтаруды сұрады. Алайда сот айыпталушы тараптың өтінішін қанағаттандырмады.
"Қорғаушы Махановтың қылмысты істі ҚПК 323-бабына сәйкес прокурорға қайтару туралы өтініш хаты қанағаттандырусыз қалдырылсын. Қаулы шағым жасауға немесе прокурордың өтініш хаты бойынша қайта қаралуға жатпайды. Қаулымен келіспеу туралы дәлелдер, аппелияциялық шағым, прокурордың өтініш хатында немесе сот актілерінің касациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтініш хаты енгізілуі мүмкін".Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы Айнель Орақбаева
Екі айыпталушыға ҚР Қылмыстық кодекстің 189-бабы, яғни "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" дерегі бойынша кінә тағылып отыр. Ал Азат Момынов бұл баппен қатар, 218-бап, яғни "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлікті заңдастыру" бойынша да тергеліп жатыр. Ал соттың келесі отырысы 23 шілдеге белгіленді.