Цифрлық эфирлік телерадио хабарларына көшу қағидалары жаңартылды
ЦЭТХТ-ға көшу тәртібі уәкілетті орган айқындаған мерзімдерге сәйкес әкімшілік аумақтық бірліктердегі АЭТХТ желілерінде аналогтік таратушы құралдарды кезең-кезеңімен өшіру арқылы жүзеге асырылады.
АЭТХТ желілеріндегі аналогтік таратушы құралдарды ажыратуды ұлттық оператор және телерадио хабарларын тарату операторлары мерзімдерге сәйкес жүргізеді.
Әкімшілік-аумақтық бірліктердегі АЭТХТ желілерінде аналогтік таратушы құралдарды ажыратуды әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ЦЭТХТ сигналдарын таратуды қамтамасыз ететін ЦЭТХТ желісі пайдалануға берілген кезде жүргізіледі.
Ұлттық оператор уәкілетті органға және өз құзыретi шегiнде тиiстi аумақта жергiлiктi мемлекеттiк басқару мен өзiн-өзi басқаруды жүзеге асыратын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдарына ЦЭТХТ-ның радиотелевизиялық станцияларын пайдалануға бергенге дейін кемінде үш ай бұрын ЦЭТХТ-ның радиотелевизиялық станцияларын пайдалануға беру мерзімдері және елді мекендер бөлінісінде ЦЭТХТ-мен қамту аумағы туралы мәліметті ұсынады.
ЖАО ЦЭТХТ-ға көшкенге дейін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар болып табылатын жеке тұлғаларды телевизиялық абоненттік жалғамалармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады.
Уәкілетті орган мерзімдерге сәйкес АЭТХТ ажыратудың әрбір кезеңі аяқталғанға дейін бір ай бұрын ЖАО-дан мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жалғамалармен қамтамасыз етудің аяқталғаны туралы ақпаратты сұратады.
ЦЭТХТ-мен қамтылмайтын әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумағындағы аналогтік жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) қоспағанда, ЦЭТХТ-ға көшкеннен кейін аналогтік телерадио хабарларын тарату кезінде телеарналарға берілген радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсаттар мен теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметпен айналысуға арналған лицензиялар өз қолданысын тоқтатады.
ЦЭТХТ желісінде теле-, радиоарналарды тарату телерадиокомпаниялар мен телерадио хабарларын тарату операторлары арасында жасалған шарттар негізінде белгіленген тарифтерге сәйкес жүзеге асырылады.
Мерзімдерге сәйкес ЦЭТХТ-ға көшкенге дейін алты ай бұрын ЖАО өңірлік және/немесе республикалық бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып, халыққа ЦЭТХТ-ға көшу тәртібі мен мерзімдері мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
ЦЭТХТ-ға көшудің тәртібі мен мерзімдері уәкілетті органның, ұлттық оператордың және ЖАО-ның ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.
Бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде ресми интернет-ресурстарда ЦЭТХТ-ға көшу мәселелерін ақпараттық жария ету мынадай ақпаратты қамтиды:
- ЦЭТХТ-ның АЭТХТ-дан артықшылығы;
- ЦЭТХТ-ға көшу тәртібі мен мерзімдері;
- әкімшілік-аумақтық бірліктердегі қолжетімді цифрлық ақылы және тегін телеарналардың тізбесі;
- жалғамаларға қойылатын ең аз рұқсат етілетін талаптар;
- ЦЭТХТ сигналымен қамтылмаған әкімшілік-аумақтық бірліктердің (ауыл, кент, ауылдық округ, аудан, қала және қаладағы аудан) тізбесі және теле-, радиосигналдардың баламалы түрлерін қабылдау мәселесін шешу жөнінде ұсынымдар;
- «Қауырт желі» телефонының нөмірлері;
- мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар болып табылатын жеке тұлғалардың жалғамаларды алу шарттары мен тәртібі;
- жалғамаларды қосу жөніндегі нұсқаулар.
ЦЭТХТ-ға көшу мәселелері бойынша ақпараттық қолдау жөніндегі іс-шараларды ұлттық оператор және ЖАО ЦЭТХТ-ға көшудің барлық кезеңінде және аяқталғаннан кейін үш ай ішінде жүзеге асырады.
Бұйрық 2024 жылғы 28 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.