Ұлытау облысында нашақорлыққа қарсы күрес бойынша ауқымды форум өтті
Ұлытауда полицияның ұйымдастыруымен 700-ден астам оқушылар мен студенттердің қатысуымен ауқымды форум өтті. Іс-шараға спортшылар, еріктілер, заңгерлер және қоғам белсенділері қатысты.
Форумның ашылуында облыс әкімі Дастан Рыспеков, прокуратура, құқық қорғау органдарының, сот жүйесінің және денсаулық саласының басшылары сөз сөйлеп, форумның маңыздылығына тоқталды.Спикерлер өз сөздерінде нашақорлықтың ауыр зардаптары мен жастарды қорғау шараларын, сондай-ақ өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Синтетикалық есірткі арқылы жастар мен болашақ ұрпақтың әл-ауқатына төнетін қауіпке ерекше назар аударылды.
Форумға арнайы келген танымал киноактерлер Шерхан Пірназар, Диас Мырзахмет және өнерпаз Ақтоты Болшова өз өнерлерін ортаға салды. Танымал актерлердің орындауындағы "Нашақордың монологы" қойылымы ерекше әсер сыйлады.
"Мемлекетіміздің болашағы-жастар. Сіздерде нашақорлыққа қарсы тұру және салауатты өмір салтын насихаттау мүмкіндігі бар. Есірткіге қарсы күресте әрқайсымыз жауапты екенімізді ұмытпайық. Біз бірге нашақорлықтың таралуына қарсы тұра аламыз, - деді облыстық полиция департаментінің бастығы Қайыркен Әлиев.
Сурет: Ұлытау облысы ПД баспасөз қызметі
Сурет: Ұлытау облысы ПД баспасөз қызметі
Форум аясында мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған фотобайқаудың қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды. Іс-шара соңында полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағы арнайы мақсаттағы бөліністің жауынгерлік әдіс-тәсілдері көрсетумен аяқталды.