Кепілдендірілген цифрлық активтерді қалай аударуға болады: ереже бекітілді
Осы Қамтамасыз етілген цифрлық активтердің аударымдарын жүзеге асыру қағидалары "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабының 13-9)-тармақшасына сәйкес әзірленді және КЖ/ТҚҚ туралы Заңда белгіленген талаптарды ескере отырып, қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығаруды және олардың айналысын жүзеге асыратын тұлғаның қамтамасыз етілген цифрлық активтердің аударымдарын жүзеге асыруы тәртібін айқындайды.
Қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығаруды және олардың айналысын жүзеге асыратын тұлға қамтамасыз етілген цифрлық активтерді сақтау және айырбастау жөніндегі цифрлық платформаны пайдалануды жүзеге асыратын және қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығаруға және олардың айналысына рұқсаты бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы, дара кәсіпкер болып табылады.
Цифрлық активтер саласындағы уәкілетті орган "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығару және олардың айналысы жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған рұқсатты береді.
Қамтамасыз етілген цифрлық активтерді аудару ақпараттық жүйе қолданушылары арасындағы келісімге сәйкес мәліметтерді ақпарттық жүйеге енгізу жолымен цифрлық активтерді ақшаға және өзге де мүлікке иеліктен шығару, сатып алу, айырбастауды қоса алғанда, қамтамасыз етілген цифрлық активтерге құқықтарды куәландыру және олардың ауысуы арқылы жүзеге асырылады.
Тұлға клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің атынан қамтамасыз етілген цифрлық активтерді жөнелту немесе алу кезінде аударымның және онымен байланысты кез келген хабарламаның жөнелтуші және алушы туралы нақты ақпаратты қамтитынына көз жеткізеді және КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 7-бабына сәйкес шаралар қабылдайды.
Тұлға КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 10-бабына сәйкес белгіленген шекті мәндерден асатын операцияларды мониторингтеу, айқындау және хабарлау, күдікті әрекеттерді анықтау үшін бақылау рәсімдерін, жүйелері мен құралдарын құрайды және қолдайды.
Тұлға қамтамасыз етілген цифрлық активтердің барлық аударымдарымен бірге ілесіп жүретін ақпараттың:
- КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 5-бабының 3-тармағына сәйкес жөнелтушінің (оның өкілінің) және алушының деректерін;
- жөнелтушінің/алушының банктік шотының нөмірін (бар болса);
- жөнелтушінің/алушының мекен-жайын;
- жөнелтушінің және алушының сәйкестендіру нөмірін қамтуы үшін шаралар қабылдайды;
- шот болмаған жағдайда операция нөмірі көрсетіледі.
Тұлға басшылық қызметкерлер қатарынан немесе тиісті құрылымдық бөлімше басшысының деңгейінен төмен емес өзге де басшылар қатарынан ішкі бақылау қағидаларын іске асыруға және сақтауға жауапты тұлғаны тағайындау туралы талапты, сонымен қатар ішкі бақылау қағидаларын іске асыруға және сақтауға жауапты қаржы мониторингі субъектілеріне қойылатын өзге де талаптарды орындайды.
Тұлға қамтамасыз етілген цифрлық активтердің аударымдарына қатысты мәліметтер мен ақпаратты қаржылық мониторинг бойынша уәкілетті органға электрондық әдіспен жолдайды.
Тұлға құжаттардың көшірмесін клиентпен (оның өкілімен) және бенефициарлық меншік иесімен іскерлік қатынастарды тоқтатқан күннен бастап бес жыл бойы сақтайды.
Бұйрық 2024 жылғы 15 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.