Қазақстанда ядролық қондырғылар мен жерлеу пункттері үшін алаңды таңдау ережесі жаңартылды

Қағидалар болжамды құрылыс өңіріне тән сыртқы әсерлерге және қауіп-қатер түрлеріне (табиғи және техногендік) қойылатын талаптарды, қоршаған ортаға, экономикалық және әлеуметтік-экономикалық факторларға, халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды ескере отырып, Ядролық қондырғыларды және көму пункттерін (ЯҚКП) орналастыру алаңын таңдау тәртібін, сонымен қатар алаңды бағалау процесінде қолданылатын ақпаратты дайындау және құжаттау рәсімін белгілейді.
Қағидалар жаңа ЯҚКП үшін алаңдарды бағалау және таңдау кезінде, сондай-ақ қолданыстағы алаңда өндірісті кеңейту және ЯҚКП-ны жаңғырту немесе жаңа ЯҚКП салу туралы шешім қабылдау кезінде қолданылады.
ЯҚКП құрылысы және құрылыс ауданы туралы шешім қабылданғаннан кейін ЯҚКП орналастыру алаңын таңдау бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Ядролық қондырғыны немесе көму пунктін орналастыру алаңы:
- табиғи және (немесе) техногендік сипаттағы ықтимал сыртқы әсерлер;
- радиоактивті заттардың ықтимал көшірілуі;
- ядролық қондырғыны немесе көму пунктін пайдалану нәтижесінде немесе оқыс оқиғалардың немесе авариялардың туындауы салдарынан халыққа және қоршаған ортаға келтірілетін нұқсанды болғызбау мүмкіндігі ескеріле отырып, айқындалуға тиіс.
ЯҚКП алаңын таңдау бойынша жұмыстар ЯҚКП құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін немесе құрылыс инвестицияларының негіздемесін қамтитын жобалау алдындағы құжаттаманы әзірлеу сатысында жүзеге асырылады.
ЯҚКП жобалық құжаттары мемлекеттік экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамадан өтеді.
Сондай-ақ, қағидалар ядролық қондырғылар және көму пункттері алаңына іргелес аудандарда халықтың денсаулығын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету ережелерін қамтиды.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары ЯҚКП бүкіл өмірлік циклі бойындағы барлық кезеңдерде, оның ішінде жоспарлау, алаңды таңдау, жобалау, дайындау, салу, пайдалануға беру, тікелей пайдалану, сондай-ақ пайдаланудан шығару және жабу, белгіленеді.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету – адамдарды жеке және ұжымдық қорғау және қоршаған ортаны қорғау, оған қондырғыларды пайдалануды негізсіз шектеместен немесе радиациялық тәуекелдермен байланысты қызметті жүзеге асырмай қол жеткізіледі.
ЯҚКП орналастыру кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін пайдаланушы ұйым мынадай шаралар қолданады:
- ЯҚКП персоналын және оның ықтимал әсер ету аймағындағы халықты қоса алғанда, адамдардың радиациялық сәулеленуін және радиоактивті материалдың қоршаған ортаға шығуын тұрақты бақылауды қамтамасыз ету;
- ядролық реактордың белсенді аймағын, ядролық тізбекті реакцияны, радиоизотопты көзді немесе иондаушы сәулелену көзін бақылауды жоғалтуға әкелуі мүмкін оқиғаларды бақылауды қамтамасыз ету;
- тәуекелдерді басқару және ЯҚКП-да туындауы мүмкін оқыс оқиғалар және (немесе) апаттық жағдайлар салдарын жұмсарту.
Бұдан бөлек, ядролық қондырғыларды және көму пункттерін орналастыру алаңын таңдау кезінде құжаттарды дайындау ережелері де қамтылған.
Құжат 17 желтоқсанға дейін жария талқылау үшін "Ашық НҚА" сайтында орналастырылған.