Ядролық қондырғыларды орналастыру алаңын таңдау қағидалары жаңартылды
Фото: unsplash
Атап айтқанда, қағидалар жаңа редакцияда бекітілді.
Ядролық қондырғылар мен көму пункттерін (ЯҚКП) салу және құрылыс ауданын айқындау туралы шешім қабылданғаннан кейін орналастыру алаңы мынадай факторлар ескеріле отырып таңдалады:
- табиғи немесе техногендік сипаттағы сыртқы әсерлердің ықтималдығы;
- радиоактивті заттардың таралу мүмкіндігі;
- ЯҚКП-ны пайдалану, оқыс оқиғалар немесе авариялар салдарынан халық пен қоршаған ортаға келетін зиянның алдын алу мүмкіндігі.
Алаңды таңдау мынадай кезеңдерден тұрады:
- ықтимал алаңдарды зерттеу және үміткер алаңдарды анықтау;
- үміткер алаңдарды зерттеу және бағалау;
- үміткер алаңдарға салыстырмалы талдау жүргізу және оларды рейтинг бойынша орналастыру;
- алаңды іріктеу.
Үміткер алаңдардың ішінен қолайлысын бағалау және таңдау оларды зерттеу нәтижелері бойынша жүргізіледі. Бұл жұмысқа:
- үміткер алаңдарды бағалау;
- оларды салыстырмалы талдау;
- салыстырмалы талдау нәтижелері бойынша рейтинг жасау;
- ЯҚКП орналастыруға барынша қолайлы алаңды анықтау;
- алаңды таңдауды негіздеу кіреді.
ЯҚКП орналастыруға жарамсыз алаңдарға мыналар жатады:
- белсенді жарылымдар орналасқан аумақтар;
- Медведев – Шпонхойер – Карник MSK-64 сейсмикалық қарқындылық шкаласы бойынша есептік ең жоғары жер сілкінісінің қарқындылығы 8 балдан асатын аумақтар;
- сульфатты, тұзды карст және термокарст таралған аумақтар;
- ерекше қорғауға жататын мемлекеттік орман қорының аумақтары және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар;
- жанартау атқылауының (соның ішінде лайлы жанартаулардың) әсеріне ұшырауы мүмкін аумақтар. Бұған жанартау бомбалары, лава ағындары, пирокластикалық ағындар, ыстық күл мен улы газдар, сондай-ақ лай ағындары жатады;
- су қорғау белдеулеріндегі немесе Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес пайдалануға тыйым салынған не шектеу қойылған аумақтар; апатты су басу қаупі бар аймақтар.
ЯҚКП орналастыруға қолайсыз алаңдар деп оны орналастыру мүмкіндігін толық жоққа шығармайтын, бірақ табиғи немесе техногендік қауіпті процестер, құбылыстар мен факторлар бар аумақтар танылады.
Мұндай алаңдарда ЯҚКП орналастыруға қауіпсіздікке әсер ететін әрбір анықталған табиғи және техногендік процесс, құбылыс немесе фактор бойынша техникалық және ұйымдастырушылық шаралар әзірленіп, орындалған жағдайда рұқсат етіледі. Бұл шаралардың тиімділігі есептеулер мен қауіпсіздікті бағалау нәтижелерімен расталуы керек.
Үміткер алаңдарды зерттеу мынадай жұмыстарды қамтиды:
- инженерлік-геологиялық және сейсмотектоникалық зерттеулер;
- гидрологиялық және гидрогеологиялық зерттеулер;
- метеорологиялық зерттеулер және атмосферадағы таралу үдерісін бағалау;
- табиғи және техногендік сыртқы әсерлерді талдау; демографиялық сипаттамалар мен жер пайдалануды талдау;
- геодезиялық зерттеулерді талдау.
Үміткер алаңдарды бағалау табиғи және техногендік әсерлердің сипаттамаларын, сондай-ақ атом энергиясын пайдалану және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамаға сәйкес алаңның жарамдылығын анықтау кезінде ескерілетін өзге де факторларды айқындау үшін жүргізіледі.
ЯҚКП-ның жобалық құжаттамасы міндетті түрде мемлекеттік экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамадан өтеді.
Радиациялық қауіптіліктің 1 және 2-санаттарына жататын ЯҚКП орналастыру алаңдарын таңдау және салу жөніндегі жобалық құжаттама ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасынан өтуге тиіс.
Әрбір үміткер алаңның жарамдылығы бағаланған кезде бір алаңдағы бірнеше нысанға, сондай-ақ көршілес алаңдардағы нысандарға табиғи және техногендік сипаттағы қауіпті сыртқы факторлардың әсер ету ықтималдығы ескеріледі.
Әрбір үміткер алаңды бағалау нәтижелері бойынша оның ЯҚКП орналастыруға жарамдылығы туралы есеп жасалады. Есепте мынадай мәліметтер қамтылады:
- табиғи жағдайлардың сипаттамасы, оның ішінде геология, климат және гидрология, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы мен тарихи-мәдени мұра туралы мәліметтер;
- табиғи және техногендік әсерлердің сипаттамасы, оның ішінде сейсмикалық жағдай, су тасқыны және техногендік қауіп көздері;
- нысан орналасатын ауданның демографиялық сипаттамалары, соның ішінде халықтың орналасуы және қорғау шараларын жоспарлау аймақтары;
- есептеу және модельдеу зерттеулерінің нәтижелері, оның ішінде сейсмикалық есептеулер, гидрологиялық модельдеу және атмосферадағы таралу үдерісін зерттеу;
- үміткер алаңның ЯҚКП орналастыруға жарамдылығы туралы қорытынды.
Үміткер алаңдарды өзара салыстыру үшін салыстырмалы талдау олардың зерттелуі мен бағалануы барысында алынған, көлемі мен сапасы жағынан өзара салыстыруға келетін және талдау жүргізуге жеткілікті бастапқы деректер мен нәтижелер негізінде жасалады.
Үміткер алаңдардың рейтингі олардың қауіпсіздікке қатысты және қауіпсіздікке тікелей қатысы жоқ сипаттамаларының жиынтығы ескеріле отырып, салыстырмалы талдау нәтижелері бойынша жасалады.
Рейтинг нәтижесінде үміткер алаңдар басымдық деңгейіне қарай реттеледі. Алаңды таңдау осы рейтинг негізінде жүргізіліп, қабылданған шешімнің негіздемесі ұсынылады.
ЯҚКП орналастыру алаңын таңдау жөніндегі жобалық құжаттамаға үміткер алаңдарды зерттеу және бағалау нәтижелері, салыстырмалы талдау мен рейтинг қорытындылары, сондай-ақ таңдалған алаңның негіздемесі енгізіледі.
Көму пунктін орналастыру орнын негіздеу үшін оның орналасуының балама нұсқалары міндетті түрде қарастырылып, олардың қауіпсіздігіне салыстырмалы талдау жүргізіледі.
Көму пунктінің орналасатын орнын таңдау нәтижелерін алаңды таңдайтын ұйым нысанды қауіпсіз орналастыруды негіздеу туралы есеп түрінде рәсімдейді. Есеп уәкілетті органмен келісілуге тиіс.
Қағида 2026 жылғы 31 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.