Ақтөбеде жалғызбасты әке зардап шеккендер кешірсе де үш жылға сотталды

"Диапазон" басылымының мәліметінше, Ақтөбенің 46 жастағы тұрғыны такси жалдап, түнде жол шетіндегі арнайы тұрақтарда тұратын ауыр жүк көліктерін жүргізушілері ұйықтап жатқанда тонап, кейін сатып, пайда табу мақсатында ұрланған тауарды өз саяжайына тасыған. Сотта ер адам жоқшылықтан ұрлыққа барғанын айтқан, өйткені оның жалғыз өзі тәрбиелеп отырған сегіз және 15 жастағы екі қызы бар. Сонымен қатар, қатерлі ісікке шалдыққан анасы да бар, оны емдеу үшін де қаражат қажет.
"Ол таксиге тапсырыс берді, жол шетінде жүк көліктері аялдайтын арнайы тұраққа барады. Содан кейін жүк көлігі тіркемесі үстіндегі жапқыш тентті тістеуікпен ашып, тауарларға қол салған. Ұрланған қораптарды жол бойымен аулағырақ жаяу тасыған, содан соң такси шақырып, саяжайына қайтқан. Ал такси жүргізушілеріне қораптарда "сайманым" деп түсіндірген. Бірде бір "фурадан" ол 16 қорап энергетикалық сусындар, тағы бірінен 20 қорап мотор майын, үшіншісінен кофе машинасына баптауға арналған жиынтықтарды ұрлаған. Кезекті бір эпизодта ол кондитерлік өнімдер толы қораптарды алып шыққанда жүргізушілердің бірі оны байқап қалады, ал ұры қашып кеткенімен, оқиға орнында түкті түсінбеген ұрланған тауарлар жанында такси жүргізушісі қалып кеткен", деп жазады басылым.
Ұрлық эпизодтарынан бөлек, ер адамның үйін тінту кезінде марихуана мен оқ-дәрісі бар аңшылық мылтық табылды. Ол бауырының ауырсынуын басу үшін марихуана шегетінін, ал мылтықты көшеден тауып алғанын, оны полицияға тапсыруды ойлап жүргенін айтқан.
Сотта ұрланған тауарлардың иелері сотталушыға қатысты шағымдары жоқ екенін мәлімдеп, оны түрмеге отырғызбауды өтінді. Сот айыпталушыны ұрлық, есірткі мен қару ұстағаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырды.
Оралда ер адамның шырша ұрлаған сәті видеоға түсіп қалған еді.