Тергеу изоляторында отырған "Дикий Арман" өзін-өзі жарақаттады

Әлеуметтік желіде 20 жылға сотталған Арман Жұмагелдиевтің тамырын кесуге тырысқаны туралы ақпарат тарады.
"Аталған сотталушы өзіне аздаған дене жарақаттарын келтірді. Медициналық көмек бірден көрсетілді. Сотталушының денсаулығы қанағаттанарлық деңгейде", деп хабарлады ҚАЖК баспасөз қызметі.
Сондай-ақ Арман Жұмагелдиев айырықша бақылауда екені, оны мекеме психологтары қарауға алғаны нақтыланады.
Аталған факті бойынша қызметтік тергеу тағайындалды.
Айта кетсек, Алматыда қаңтар оқиғасына байланысты 2025 жылдың 27 қаңтарында қылмыс әлемінің серкесі Дикий Арманға, ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері Руслан Ысқақовқа және мәслихаттың бұрынғы депутаты Қайрат Құдайбергенге үкім шықты. Сот үкімімен Жұмагелдиев ҚР ҚК-нің 262-бабы 1-бөлігі, 268-бабы 1-бөлігі, 272-бабы 1-бөлігі, 272-бабы 2-бөлігі, 28 бабы 3-бөлігі, 125-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы, 126-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотта 2022 жылдың басында Искаков, Жұмагелдиев және экс-депутат Құдайберген билікті күшпен басып алу мақсатында жаппай тәртіпсіздіктердің негізгі ұйымдастырушылары болды деп танылды. Жалпы бұл іс бойынша 40 адам жазаға тартылды.