Оралда ерлі-зайыптылар ақша табудың заңсыз қызметін ұсынған

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы мен Орал қаласы полиция басқармасының қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шара барысында екі адамнан құралған қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдіктілер WhatsApp топтары мен әлеуметтік желілерде тауарлық несиені қолма-қол ақшаға айналдыру қызметін ұсынатын жарнамалар орналастырған. Осы алаяқтық схеманың тұзағына Орал қаласының екі тұрғыны түсіп қалды.
"Бірінші жағдайда алаяқтар жәбірленушіге тауарлық несие сомасын қолма-қол ақшаға айналдыратын заңды ұйымның сілтемесін жіберген. Қарыз рәсімдеген әйелдің шотына ақша түскен соң, күдіктілер оған хабарласып, бұл қаражаттың қателесіп жіберілгенін айтып, өздері ұсынған есепшотқа аударуды сұраған. Олардың сөзіне иланған әйел талапты орындағаннан кейін, алаяқтар оны дереу бұғаттап, байланысқа шықпай қойған. Екінші жағдайда қаскөйлер жәбірленушіні тауарлық кредит рәсімдеуге көндіріп, алынған заттарды ақшалай өтеу сылтауымен иемденіп, ломбардқа өткізген. Осылайша түскен қаржы күдіктілердің жеке қажеттіліктеріне жұмсалған. Тергеу барысында жас әйел күйеуін алаяқтық әрекеттерге тартқаны анықталды". БҚО ПД баспасөз қызметі
Қазіргі уақытта олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.
"Құқық қорғау органдары алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Күдіктілер ұсталып, өз кінәсін мойындады. Тінту барысында олардан бес телефон, бірнеше SIM-карта және банк карталары тәркіленді", делінген полиция хабарламасында.
Полиция азаматтарды тауарлық несие рәсімдеу кезінде мұқият болуға және бейтаныс адамдардың күмәнді ұсыныстарына сенбеуге шақырады.
Бұған дейін Талдықорған соты тендер бойынша табыс табуды үйретуші коуч-тренердің ісін алаяқтық бабы бойынша қарастырып, оған зардап шеккендердің шығындарын өтеуді міндеттегені хабарланған.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз