БҚО-да кісі өлтірді деп айыпталған СОБР-дың экс-қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты

Қылмыс 2024 жылғы 17 қарашада Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында болған. Ол кезде 30 жастағы фельдшер Дияр Туысов қаскүнемдердің қолынан қаза тапты. Сол түні ол жұмыстан қайтып келе жатып, достарына соққан.
Марқұмның денесі жер қойнына тапсырылған күні оның тұңғыш баласы дүниеге келді. Ер адам фельдшер болып жұмыс істеген.
Іс материалдарына сәйкес, кешкі сағат 23:00 шамасында Диярдың ішімдікке бас қойған достарының бірі кездейсоқ сыныптас қызға қоңырау шалып, қарыз сұраған. Бұл әйелдің жұбайына ұнамай, тараптар телефон арқылы ұрсысқан. Содан кейін әйел інісі Әлихан Биғазиевке қоңырау шалып, түнде мазасын алғандардың үстінен шағымданады. Көп ойланбастан, ол достарымен бірге әпкесін қорлағандарды табуға кірісіп, іздей бастайды. Олардың бірі үйінен табылады. Оны ұрып-соққан ашулы топ мұнымен тоқтамаған. Жолда олар көлікте отырған ер адамдарды көреді, олардың арасында марқұм Туысов та болған.
"Күш ведомстволарының қызметкері болып табылатын әрі қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін жіті меңгерген Әлихан Биғазиев өз әрекеті адам денсаулығына ауыр зиян тигізетінін біле тұра, Дияр Туысовтың басына қатты соққы береді", делінген іс материалдарында.
Одан кейін екінші сотталушы – 24 жастағы Еламан Дускалиев та ұрып-соғуды жалғастырады. Ол жәбірленушінің басына кем дегенде үш рет соққы береді. Кейін алған жарақаттарынан Дияр Туысов ауруханада қайтыс болды. Сараптама кісі өлімінің себебі жабық бас миының жарақаты және миға қан кету екенін көрсетті. Айтпақшы, ауруханада соққыға жығылған тағы бір басқа ер адам жатыр. Еламан Дускалиев пен үшінші сотталушы - 19 жастағы Мирлан Нұрсұлтанов тағы бір ауыл тұрғынын сабаған. Сотта сотталушылар сөз байласу арқылы әрекет еткендерін мойындаудан үзілді-кесілді бас тартты.
Марқұмның туыстары бастапқыда кісі өлтіргені үшін кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті. Марқұмның әкесі Берік Іржанов ұлын ұрып-соғуға тағы бірнеше адамның қатысы барына сенімді.
"Менің ұлым фельдшер болып жұмыс істеді, әрқашан бәріне көмектесіп, көптеген әйелді шұғыл босандырды, көптеген адамның өміріне араша болды, ал оған өлім сол адамдарың өзінен келді. Оның ешкімге зияны жоқ, ешқашан ешкіммен алауыз болған емес, көмек керек болса, бірінші болып жүгіретін елгезек еді. Мен олардың барлығы лайықты жазасын алса деймін, әділ жаза талап етемін", - деді ер адам.
Сот үкімімен Әлихан Биғазиев ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы – "Адамның өліміне әкеліп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" және "Ұрып-соғу" бойынша бірден кінәлі деп танылды. Оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Енді бұрынғы полиция қызметкері өз мерзімін орта қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады. Бұл оқиғадан кейін аймақтық полиция департаменті Биғазиевтің полиция қатарында қызмет ететінін мойындаудан үзілді-кесілді бас тартты. Содан кейін ведомство оның ішкі істер органдарынан босатылғанын мәлімдеді, бірақ жұмыстан шығарылған күні мен бұйрық нөмірін жария етілмеді. Алайда сотта оның қылмыс жасалған кезде СОБР қызметкері болғандығы анықталды.
Бұған дейін Түркістан облысында полицейлер өзгенің көлігінен ақша ұрлаған күдіктіні ұстағаны хабарланған.