"Шашын жұлып, аяғымен тепкен". Шымкентте автобуста төбелескен әйел адам сотталды
Сурет: Zakon.kz
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 2025 жылдың 25 маусымда Республика даңғылы бойында орналасқан Рахат аялдамасында №21 қоғамдық көлікте бола тұра, бұзақылық ниетпен С. жәбірленуші Б-ның шашынан ұстап, жұлқылап, бірнеше рет теуіп, оның денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргені анықталды.
Сотталушының кінәсі сот-медициналық сараптама қорытындысымен, түсірілген бейнежазбасымен және басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденеді.
Жәбірленуші кешірім бермей, сотталушыға заңда көзделген жаза тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындап, жас баласы барын айта бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.
Сот, С-ны ҚР ҚК-нің 108-1-бабы 2-бөлігінің 5-тармағымен кінәлі деп танып, 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетсек, Жамбыл облысында шартты түрде сотталған төрт адам рақымшылыққа ілінгені белгілі.