ШҚО-да Facebook пен WhatsApp-та видео жариялаған азамат 650 мың теңге айыппұл арқалады
Сурет: pexels
Іс материалдарына сүйенсек, азамат Ж. 2025 жылдың 18 сәуірінде Facebook және WhatsApp-тағы топта жарияланған видеодағы мәліметтер өзінің ар-намысына, қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретінін, шындыққа сәйкес келмейтінін айтып, оларды жоққа шығару және моральдық зиянды өндіру туралы сотқа талап арызбен жүгінген.
Ашық сот отырысы барысында тараптар өзара келісімге келіп, дауды сот медиациясы тәртібімен реттеу туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде, сотпен медиативтік келісім бекітілді.
"Медиативтік келісімге сәйкес: талап қоюшы талап арызынан бас тартты, жауапкер таратылған мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіндігін мойындап, талап қоюшыдан кешірім сұрады. Сонымен қатар, жауапкер талап қоюшыға моральдық зиян мен сот шығындарын өтеу үшін 650 000 теңге мөлшерінде өтемақы төлеуге міндеттенді", делінген сот хабарламасында.
Медиативтік келісім Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сай келетіндіктен, тараптардың және үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайды. Осыған байланысты, сот азаматтық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарды.
Ұйғарым заңды күшіне енді.
Бұған дейін Павлодарда балаларын терезеден лақтырып жіберген әйел қылмыстық жауапкершіліктен босатылғанын жазғанбыз.