ҰҚК Қостанай облысы әкімінің орынбасары ұсталғанын растады
Сурет: gov.kz
Құзырлы ведомство оған қатысты қандай бап бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын нақтыламады.
"ҰҚК Қостанай облысы әкімі орынбасарының ұсталғанын растады... Гүлбарам Мұсағазинаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр", делінген inform.kz сайтының 2026 жылғы 13 ақпандағы хабарламасында.
Қостанайдың Мамандандырылған тергеу соты әкім орынбасарының ұстау туралы мерзімін белгіледі. Сот отырысы 13 ақпанда өткен.
Ашық дереккөздерде облыс әкімі орынбасарының аты өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы резонансты қылмыстық іспен байланыстырылған. Атап айтқанда, Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Данияр Жандаев, оның орынбасары Ерболат Доспанов және Қарасу аудандық ауруханасының бас дәрігері Владимир Голубевке қатысты қамау шарасы қолданылғаны хабарланған еді.
Оларға медициналық ұйымдар үшін жабдықтарды мемлекеттік сатып алу барысында сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қатысы бар деген күдікпен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Қостанай облысының прокуратурасы өңірдің денсаулық сақтау саласындағы бюджет қаражатын жымқыру көлемі 2 млрд теңгеден асқанын мәлімдеген. Тергеу нұсқасына сәйкес, медициналық ұйымдар қажет етілмейтін жабдықтарды негізсіз жоғары бағамен сатып алған.