Қазақстанда оқушыларға қатысты жауапкершілік аражігі айқындалады
Фото: Zakon.kz
Құжат қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінің қарауында.
Атап айтқанда, заң жобасына сәйкес баланың сабақтан тыс уақыттағы мінез-құлқы мен қауіпсіздігі үшін ата-аналар немесе өзге де заңды өкілдер жауапты болады.
Ал педагогтер мен білім беру ұйымдарының басшылары білім алушылармен немесе тәрбиеленушілермен болған оқиғалар үшін тек өздерінің кәсіби қызметін жүзеге асыру кезеңінде, яғни білім беру қызметіне байланысты лауазымдық міндеттерін орындау барысында ғана жауап береді.
Сонымен қатар "Білім туралы" заңға ата-аналар мен заңды өкілдердің құқықтары мен міндеттеріне қатысты түзетулер енгізу көзделген.
Атап айтқанда:
- педагогтің құқықтарын құрметтеу міндеті;
- білім беру ұйымымен жасалған шарт талаптарын сақтау міндеті енгізіледі.
Бұдан бөлек, педагогке кәсіби қызметін жүзеге асыру барысында мынадай құқықтар беріледі:
- онлайн-платформаларда міндетті түрде жеке парақша ашудан және онда материалдар жариялаудан, сондай-ақ кәсіби қызметіне қатысы жоқ әрі еңбек шартында (лауазымдық нұсқаулықта) көзделмеген имидждік немесе өзге де жұмыстарды орындаудан бас тарту;
- кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ өзге жұмыстарды Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес орындау.
Бұған дейін оқушыларға смартфондарды тек сабақ үстінде ғана емес, үзіліс кезінде де пайдалануға тыйым салу мәселесі көтерілгені хабарланған еді.