Қазақстандықтар зейнетақы активтерін өз қалауы бойынша инвестициялай алады: заңға қол қойылды
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Құжат әлеуметтік қорғауды нығайтуға және зейнетақы жүйесінің, көші-қон саясатының, білім беру және денсаулық сақтау салаларының тетіктерін түзетуге бағытталған.
Түзетулер ҚР Кәсіпкерлік кодексіне, ҚР Еңбек кодексіне, ҚР Әлеуметтік кодексіне және Халық денсаулығы туралы Кодексіне енгізіледі.
Атап айтқанда, Әлеуметтік кодекс "зейнетақы активтерінің инвестициялық портфельдері" деген жаңа баппен толықтырылды, онда зейнетақы активтері міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының, өздері үшін міндетті кəсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғалардың, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін алушылардың өтініші бойынша зейнетақы активтерінің инвестициялық портфельдеріне инвестициялануы мүмкін делінген.
Міндетті зейнетақы жарналарының салымшылары, өздері үшін міндетті кəсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғалар, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін алушылар міндетті зейнетақы жарналары жəне (немесе) міндетті кəсіптік зейнетақы жарналары жəне (немесе) ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған инвестициялық портфельді басқарушыға зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру үшін оны таңдау туралы өтінішті зейнетақы активтерінің таңдап алынған инвестициялық портфелін көрсетіп, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына береді.
Инвестициялық портфельді басқарушы зейнетақы активтері есебінен зейнетақы активтерінің бір жəне (немесе) бірнеше инвестициялық портфелінің түрін қалыптастырады:
- консервативтік портфель;
- қалыпты портфель;
- тəуекелі бар портфель.
Міндетті зейнетақы жарналарының салымшылары, өздері үшін міндетті кəсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғалар, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін алушылар зейнетақы активтерінің бір немесе бірнеше инвестициялық портфелін таңдауға жəне сенімгерлік басқаруға берілетін зейнетақы жинақтарының көлемін өз бетінше айқындауға құқылы.
Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфельдерін қалыптастыру тəртібін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау жəне қадағалау жөніндегі уəкілетті орган айқындайды.
Көші-қон туралы заң Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілер қазақстандық қызметкерлердің тәлімгерлігін ұйымдастыратыны туралы жаңа тармақпен толықтырылды.
Бұл ретте тəлімгерлік деп халықтың көші-қоны мəселелері жөніндегі уəкілетті орган бекітетін қазақстандық жұмыскерлердің тəлімгерлігін ұйымдастыру қағидаларына жəне шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілерге қойылатын талаптарға сəйкес Қазақстан Республикасына жоғары білікті шетелдік жұмыс күшін тартуға негіз болған кəсіптік білімін, дағдылары мен тəжірибесін қазақстандық жұмыскерге беру үшін шетелдік жұмыс күші қатарынан оған тəлімгер бекіту түсініледі.
Сондай-ақ, заңда "қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуден бас тарту немесе қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы шешімнің күшін жою" атты жаңа тармақ пайда болды.
ҚР Үкіметі айқындаған өңірлердің қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы шешім қабылдайтын жергілікті атқарушы органдары мынадай:
- өтініш берушілер ұсынған құжаттарда қамтылған деректердің (мəліметтердің) анық еместігі анықталған;
- өтініште көрсетілген əкімшілік-аумақтық бірлікте қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы болмаған;
- өтініш берушілерді қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына бірнеше рет енгізу фактісі анықталған;
- қандастың не қоныс аударушының қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісімі болмаған;
- үміткерлер осы Заңның 20-бабында, 53-бабының 1 жəне 2-тармақтарында белгіленген шарттарға сəйкес келмеген жағдайларда қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуден бас тартады.
Қандасқа не қоныс аударушыға жəне оның отбасы мүшелеріне (бар болса) қатысты қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың тиісті күнтізбелік жылға арналған өңірлік квотасына енгізу туралы шешімнің мынадай:
- қандас не қоныс аударушы жəне олардың отбасы мүшелері (бар болса) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге ерікті түрде қоныс аударудан ерікті бас тартқан жағдайда оның бас тарту туралы өтініші негізінде;
- қандас не қоныс аударушы жəне оның отбасы мүшелері (бар болса) қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы шешім қабылданған күннен бастап үш ай ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге келмеген;
- қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілгеннен кейін қандастардың не қоныс аударушылардың осы Заңның 20-бабында жəне 53-бабының 1 жəне 2-тармақтарында белгіленген талаптарға сəйкес келмейтіні анықталған;
- қандастың не қоныс аударушының жəне (немесе) оның отбасы мүшелерінің (бар болса) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерде тұрақты тұру жəне тұрғылықты жері бойынша тіркелу бөлігінде Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасының талаптары мен нормаларын бес жыл бойы жүйелі түрде (екі жəне одан көп рет) бұзғаны анықталған жағдайларда күші жойылуға тиіс.
Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасының күшін жою туралы шешімді өңірдің қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы шешім қабылдаған жергілікті атқарушы органы шығарады.
Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасының күшін жою туралы хабарламада қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы шешімнің қолданысын тоқтатудың себептері мен күні көрсетіледі.
Бұдан бөлек, өтінішті қабылдаудан және көшуге субсидиялар төлеуден бас тартуды, тұрғын үйді мүліктік жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды, экономикалық ұтқырлық сертификаттарын, сондай-ақ жұмысқа орналасуға арналған субсидияларды өтеуді не жұмыс берушінің шығыстарының бір бөлігін өтеуді көздейтін бап қосылды.
Жұмысқа орналасуға не жұмыс беруші шығыстарының бір бөлігін өтеуге субсидияны жұмыс берушіге беруден бас тартуға:
- жұмыс берушіде жалақыны төлеу бойынша алты айдан астам, сондай-ақ банк немесе оның филиалы алдында есепке жазылған салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша анықтама берілген (егер тұлға екінші деңгейдегі бірнеше банктің немесе олардың филиалдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының клиенті болса, аталған анықтама осындай банктердің əрқайсысынан ұсынылады) күннің алдындағы үш айдан астам берешегінің болуы;
- жұмыс берушінің құжаттардың толық емес топтамасын, сондай-ақ қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынуы жəне (немесе) олардағы деректердің (мəліметтердің) сəйкес келмеуі;
- Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сəйкес ізденушімен жасалған еңбек шарттары бойынша мəліметтердің еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде болмауы;
- жұмысқа орналасуға не жұмыс беруші шығыстарының бір бөлігін өтеуге субсидия төлеу үшін қажетті құжаттардың жəне (немесе) мəліметтердің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сəйкес келмеуі негіз болады.
Заң бірқатар мақалалар мен нормаларды қоспағанда, екі айдан кейін күшіне енеді.