Ақтөбеде дүкенге тауар әкелген жүк көлігі ұрланды
Сурет: Zakon.kz
Оқыс оқиға Жилянка тұрғын алабындағы әмбебап дүкендерінің бірінің маңында тіркелді. Жүргізуші тауар түсіріп жатқанда әлдекімдер дүкен алдындағы жүк көлігін айдап кеткен. Хабарлама түскен бойда патрульдік полиция қызметкерлері дереу іздестіру жұмыстарына кірісті, деп хабарлайды Zakon.kz.
ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, көп ұзамай іздеудегі жүк көлігі Ақтөбе – Хромтау автожолында анықталып, тоқтатылды. Көлік тізгінінде ер адам болған.
Күдіктінің айтуынша, ол балық аулауға бара жатқан. Аптап ыстықта жаяу жүруді қаламай, жол жиегінде тұрған жүк көлігіне отырған.
"Алдымен жүксалғышын ашуға әрекеттенгенімен, нәтижесіз болған. Кейін кабинаға кіріп, тұтандыру қосқышында тұрған кілтті байқап, көлікті от алдырып, жолға шыққан. Алайда діттеген жеріне жете алмай, жолда полиция қызметкерлерінің қолына түсті. Аталған дерек бойынша көлік құралын заңсыз иелену фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды", делінген полиция хабарламасында.
Полиция жүргізушілерге көлік құралын қараусыз қалдырған кезде қозғалтқышты міндетті түрде сөндіріп, кілтті өзімен бірге алып жүруге және есіктерін құлыптауға кеңес береді. Қарапайым сақтық шаралары көлігіңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Бұған дейін БҚО тұрғынынан 3,3 млн теңге бопсалаған күдікті ұсталғаны хабарланған.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript