FlyArystan ұшағында не болды немесе қарт адам неге жазаланды
Сурет: akorda.kz
Бүгін Алматы – Ақтау рейсінің жолаушылары қарт кісінің қалжыңынан кейін ұшақтан түсірілді. Оқиғаның мән-жайын FlyArystan мен Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметтері айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Аталған оқиғаның видеосымен блогер Әйгерім Сүлейменова желіде бөлісті. Оның айтуынша, қария стюардессаға "бомба" деген сөзді айтқан.
"2026 жылғы 3 қыркүйекте Алматы – Ақтау бағытындағы FS7177 рейсінде жолаушының айтқан сөзіне байланысты тиісті органдар мен қызметтердің қатысуымен авиациялық қауіпсіздік процедураларына сәйкес тиісті іс-шаралар жүргізілді. FlyArystan үшін жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі басым мәнге ие. Қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін кез келген мәлімдеме немесе әрекет жолаушының ниетіне қарамастан міндетті түрде шара қабылдауды талап етеді. Бұл ұшақ бортындағы абайсыз айтылған сөздер немесе әзілдерге де қатысты", деп хабарлады FlyArystan баспасөз қызметі.
Әуе компаниясының мәліметінше, аталған жағдайға байланысты мұндай оқиғалар қосымша тексерулерді, соның ішінде жолаушыларды ұшақтан түсіруді талап етуі мүмкін, бұл өз кезегінде рейстің кешігуіне және кестенің бұзылуына әкеліп соқтырады.
"Жолаушылардан авиациялық қауіпсіздік талаптарын сақтауды және сапар барысында өз сөздері мен әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауды сұраймыз. Қауіпсіздікке төнген қатер туралы көрінеу жалған хабарламалар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз", деп атап өтті FlyArystan баспасөз қызметі.
Өз кезегінде Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі мынаны хабарлады:
"Ағымдағы жылдың 3 қыркүйегінде Алматы халықаралық әуежайындағы Көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері FlyArystan әуекомпаниясының актісі бойынша қазақ тілінде әзіл ретінде айтылған: "мына сөмкеде қорғасын ба, бомба ма" деген сөзінен кейін Алматы – Ақтау бағытындағы рейстен жолаушыны түсірді. Көліктегі полицейлер авиациялық қауіпсіздік қызметкерлерімен бірлесіп жедел түрде тексеру жүргізді".
Тексеру нәтижесінде тыйым салынған әрі жарылғыш заттар табылған жоқ, эвакуация жүргізілмеді, ал әуежай штаттық режимде жұмысын жалғастырды.
"Құқық бұзушы ұсақ бұзақылық үшін жауапкершілікке тартылды. Материал тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі", деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript