Тұрғын үйге мұқтаж қазақстандықтар мен қандастарды есепке қою қағидалары жаңартылды
Фото: Zakon.kz
Қағидалар жаңадан бекітілді.
Енді тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою орталықтандырылған түрде Цифрлық объект арқылы жүзеге асырылады.
Есепке тұру үшін қызмет алушы ЭЦҚ арқылы қызмет көрсетушінің интернет-ресурсына кіріп, жеке кабинетін ашып, сол жерден өтініш береді.
Республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке тұру үшін соңғы үш жыл ішінде тұрғылықты жері бойынша тіркеуде болуы талап етіледі.
Бұл талап 29 жасқа толмаған жетім балаларға және кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолданылмайды.
Цифрлық объект арқылы тұрғын үйге мұқтаж деп танылған және мына талаптарға сәйкес келетін кәмелетке толған Қазақстан азаматтары мен қандастар есепке алына алады:
- соңғы бес жыл ішінде Қазақстан аумағында жеке меншігінде тұрғын үйі немесе жалғыз тұрғын үйдегі 50% және одан жоғары үлесі болмауы;
- жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылуы. Мұндай жағдайда есепке қою тұрғын үй орналасқан жер бойынша жергілікті атқарушы органдар арқылы жүргізіледі.
Цифрлық объект арқылы есепке қою кезінде тұрғын үйдің болмауы немесе жалғыз тұрғын үйдегі 50% және одан жоғары үлестің болмауы туралы соңғы бес жылға қойылатын талап қызмет алушының отбасы мүшелеріне де қатысты.
Тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке тұру кезінде қызмет алушы Заңның 74-бабының 2 және 3-тармақтарында көрсетілген санаттарға жататынын көрсетуі керек.
Алайда аталған санаттарға жатпау тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қоюдан бас тартуға негіз болмайды.
Жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды есепке қою Заңның 71-бабының 3-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызмет алу үшін қызмет алушы және оның кәмелетке толған отбасы мүшелері Цифрлық объект арқылы "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" электрондық базасына есепке қою туралы өтініш береді.
Қызмет көрсетуші өтінішті қабылдап, бір жұмыс күні ішінде қарайды. Осы кезде қызмет алушы мен оның отбасы мүшелерінің негізгі талаптарға сәйкестігі тексеріледі.
Жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған Қазақстан азаматтары мен қандастардың өтініші үш жұмыс күні ішінде қаралады.
Қызмет көрсетуші өтінішке қоса берілген тұрғын үйді техникалық тексеру нәтижелері бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы аттестатталған сарапшы берген техникалық қорытындының электрондық көшірмесін тексереді.
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы ақпарат ақпараттық жүйеде болмаған жағдайда, өтінішті қарау мерзімі үш жұмыс күнін құрайды.
Бұл ретте ата-анасының біреуінің немесе екеуінің де жоқ екенін және заңды өкіл мәртебесін растайтын құжаттардың электрондық көшірмелері тексеріледі.
Қызмет алушы мен оның отбасы мүшелерінің негізгі талаптарға сәйкестігі мемлекеттік цифрлық жүйелер арқылы тексеріледі.
Тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қоюдан мына жағдайларда бас тартылады:
- азамат бірыңғай республикалық электрондық базада есепте тұрса;
- соңғы бес жыл ішінде Қазақстан аумағында жеке меншігінде тұрғын үйі немесе жалғыз тұрғын үйдегі 50% және одан жоғары үлесі болған немесе бар болса;
- мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйі болса;
- ұсынылған құжаттарда немесе мәліметтерде жалған ақпарат анықталса;
- бұрын мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үйді алып, оны жекешелендірген болса;
- жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылғанымен, ол басқа елді мекенде орналасса;
- азаматтың өзі немесе отбасы мүшелері Қазақстан Ұлттық банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама, мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламалары немесе мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттары аясында ипотекалық тұрғын үй қарызы арқылы тұрғын үй сатып алған болса;
- тұрғын үйді сатып алу құқығымен ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша міндеттемелері болса.
Сонымен қатар қызмет алушының отбасы мүшелерінің Қазақстан аумағында немесе осы елді мекенде соңғы бес жыл ішінде жеке меншігінде тұрғын үйі немесе жалғыз тұрғын үйдегі 50% және одан жоғары үлесі болған жағдайда да есепке қоюдан бас тартылады.
Бірыңғай республикалық электрондық базада есепте тұрған Қазақстан азаматтарын, қандастарды және олардың отбасы мүшелерін Цифрлық объект арқылы қайта есепке қоюға жол берілмейді.
Тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қою немесе бас тарту туралы шешімді қызмет көрсетуші қабылдайды. Шешім туралы хабарлама қызмет алушының жеке кабинетіне және ұялы телефон нөміріне SMS арқылы жіберіледі. Бұл үшін телефон нөмірі порталдағы есептік жазбаға тіркеліп, ұялы байланыс операторымен расталған болуы керек.
Жаңа қағидалар Қазақстан азаматтары мен қандастарды тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығару тәртібін де белгілейді.
Бұйрық 2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап күшіне енеді.