Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды есепке алу тәртібі өзгерді
Сурет: Zakon.kz.
Атап айтқанда, мемлекеттік кадастрды ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган тұрақты негізде жүргізетіні нақтыланды.
Кадастр уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың атқарушы органдары ұсынатын мәліметтер негізінде жүргізіледі.
Кадастрдың мәліметтері ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін дамыту бағдарламаларын әзірлеу, экологиялық желіні қалыптастыру, сондай-ақ биологиялық әртүрлілікті, бірегей табиғи ландшафттарды сақтауды ескере отырып, жерлерді ұтымды пайдалану мен өңірлердегі өндіргіш күштерді орналастыруды жоспарлау үшін пайдаланылады.
Кадастрлық іс қалай рәсімделеді?
Әрбір ерекше қорғалатын табиғи аумаққа (ЕҚТА) жеке кадастрлық іс рәсімделеді. Оның құрамына:
- ЕҚТА-ны құру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың атқарушы органдарының шешімі енгізіледі.
- Республикалық кадастрлық кітапқа Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған барлық ЕҚТА әр облыс бойынша жеке-жеке енгізіледі.
Онда аумақты қорғау режимінің түрі, сондай-ақ ЕҚТА-ны құру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың атқарушы органдарының шешімі көрсетіледі.
Республикалық кадастрлық кітапқа енгізілетін әрбір ЕҚТА-ға кадастрлық нөмір беріледі. Осы нөмір тиісті ЕҚТА-ға рәсімделетін кадастрлық істі сәйкестендіру үшін де қолданылады.
Мәліметтерді ұсыну мерзімі
Уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері мен астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың атқарушы органдары тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде құрылған ЕҚТА бойынша Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген құжаттар мен мәліметтерді жыл сайын 10 қаңтарға дейін электрондық тасымалдағыштарда уәкілетті органға ұсынуы тиіс.
Егер кадастрлық іс негізінде рәсімделген құжаттарға немесе мәліметтерге өзгерістер енгізілсе, уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері мен астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың атқарушы органдары бұл өзгерістер туралы уәкілетті органға дереу хабарлауы керек.
Бұл ретте тиісті құжаттар мен мәліметтер электрондық тасымалдағыштарда қоса ұсынылады.
Бұйрық 2026 жылғы 21 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.