ҚР Қауіпсіздік Кеңесі қандай міндеттерді атқарады: Мемлекет басшысы ережені бекітті

Подписание законов, назначения, президент подписал, резиденция президента , сурет - Zakon.kz жаңалық 17.09.2026 14:36 Фото: Zakon.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 10 қыркүйектегі «ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының кейбір мәселелері туралы және ҚР Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Атап айтқанда, мыналар бекітілді:

  • ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Аппараты туралы ереже;
  • Аппараттың құрылымы.

ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Аппараты — Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган.

Аппараттың қызметі ұлттық қауіпсіздік тәуекелдерін бақылауды күшейтуге және жетілдіруге, мемлекеттік басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ Президенттің (Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасының) және ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдерін іске асыруға институционалдық қолдау көрсетуге бағытталған.

Аппараттың міндеттері:

  • Қауіпсіздік Кеңесінің, Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы мен Төраға орынбасарының қызметін қамтамасыз ету;
  • жүйелі сын-қатерлер мен қауіптерді анықтау, бағалау және болжау, сондай-ақ олардың алдын алу және жою жөніндегі іс-қимылдардың үйлесімділігін қамтамасыз ету бойынша ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыру;
  • Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының:
  • қорғаныс қабілеті мен ұлттық қауіпсіздік саласындағы;
  • заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау, сыбайлас жемқорлыққа және экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы;
  • ҚР ақпараттық қауіпсіздігін қорғау саласындағы өкілеттіктерін іске асыруды қамтамасыз ету;
  • заңнамаға, ҚР Президентінің (Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының) және Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасарының шешімдеріне сәйкес өзге де міндеттерді орындау.

Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін қамтамасыз ету саласында:

  • Қауіпсіздік Кеңесінің жұмыс жоспарын әзірлеу;
  • Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстары мен жедел кеңестеріне арналған материалдарды, Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдерінің, жедел кеңестер шешімдерінің және оларды іске асыру жөніндегі актілердің жобаларын әзірлеу;
  • Қауіпсіздік Кеңесінің және оның жедел кеңестерінің шешімдерінің орындалуын бақылауды қамтамасыз ету, олардың нақты нәтижелері мен ықтимал салдарын бағалау;
  • Қауіпсіздік Кеңесінің ведомствоаралық комиссияларының қызметін үйлестіру;
  • қызметі Аппараттың жұмысына тікелей қатысты консультативтік-кеңесші органдарды құру, олардың міндеттері мен лауазымдық құрамына қатысты ұсыныстар енгізу;
  • Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері мен жедел кеңестерінің шешімдерін тіркеу, олардың таратылуын және сақталуын қамтамасыз ету.

Ұлттық қауіпсіздіктің жай-күйін мониторингтеу және тәуекелдерді бағалау саласында:

  • ұлттық қауіпсіздік пен елдің қорғаныс қабілетінің, заңдылық пен құқықтық тәртіптің сақталуының, сыбайлас жемқорлыққа және экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимылдың, сондай-ақ азаматтық қорғаудың жай-күйіне секторалдық мониторинг жүргізуді ұйымдастыру;
  • ұлттық қауіпсіздіктің жай-күйі туралы ақпаратты біріктіру, ведомстволық бағалауларды салыстыру, тәуекелдерді анықтау және бағалау мақсатында деректерді жедел талдау;
  • барлау қоғамдастығының жұмысындағы мемлекеттік органдар іс-қимылының үйлесімділігін қамтамасыз ету.

Ұлттық қауіпсіздік қатерлерін талдау және болжау саласында:

  • ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлерге қатысты бағалау деректерін әзірлеу және қолдану, тәуекелдер мен қатерлерді залалсыздандыру жөніндегі тиімді шаралардың жоспарлары мен сценарийлерін модельдеу;
  • ұлттық қауіпсіздікке төнетін ішкі және сыртқы қатерлердің барлық аспектілері мен мәнін анықтау мақсатында цифрлық құралдар мен жасанды интеллектті қолдануды қамтамасыз ету;
  • ұлттық қауіпсіздік пен елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласындағы ғылыми ұйымдар мен талдау құрылымдарының қызметін үйлестіру, сондай-ақ қауіпсіздік, қорғаныс қабілеті, заңдылық пен құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлыққа және экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл, азаматтық қорғау мәселелері бойынша мақсатты іс-шаралар өткізу.

Ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне бағытталған ұзақ мерзімді жоспарлау саласында:

  • ҚР Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын әзірлеу және іске асыру процесін үйлестіру;
  • Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы мен Төраға орынбасарына: Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, конституциялық құрылыстың негіздерін қорғау;
  • ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс қабілеті, заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау, сыбайлас жемқорлыққа және экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясат;
  • мәселелері бойынша ұсыныстар дайындау; заң жобаларын, стратегиялық жоспарлау құжаттарын әзірлеу кезеңінде, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс қабілеті, заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау, ақпараттық қауіпсіздікті қорғау, сыбайлас жемқорлыққа және экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл, азаматтық қорғау мәселелеріне қатысты басқа да маңызды қоғамдық-саяси бастамаларды талдау;
  • осы мәселелер бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы мен Төраға орынбасарына ұсынымдар беру;
  • ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс қабілеті, заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау, сыбайлас жемқорлыққа және экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл, азаматтық қорғауды нығайту саласындағы ҚР заңдарының толық орындалуын бақылауды ұйымдастыру;
  • анықталған жұмыс кемшіліктерін, сондай-ақ олардың туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы мен Төраға орынбасарына ұсыныстар енгізу.

Ақпараттық қауіпсіздік саласында:

  • азаматтарды және бүкіл халықты деструктивті ақпараттық ықпалдан және одан туындайтын ұлттық қауіпсіздік қатерлерінен қорғау мақсатында цифрлық құралдарды, жасанды интеллектті, өзге де жаңа жоғары технологияларды, алгоритмдік және кванттық әдіснамаларды қолдана отырып, халықаралық және ішкі ақпараттық ортаны кешенді талдау;
  • ұлттық қауіпсіздікке төнетін ахуалдық, жүйелі және стратегиялық қатерлерді анықтау, олардың алдын алу және жою мақсатында ақпараттық қауіпсіздіктің жай-күйіне жиынтық мониторинг жүргізу;
  • ақпараттық қатерлердің сипатын, ауқымын, динамикасын және олардың ықтимал теріс салдарын бағалаудың кешенді ведомствоаралық әдіснамасын әзірлеу;
  • ұлттық қауіпсіздік сын-қатерлеріне жедел әрі тиімді ден қоюға қатысты ақпараттық-талдамалық және болжамдық материалдар, ұсыныстар мен ұсынымдар дайындау;
  • мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралардың тиімділігіне объективті баға беру, ұлттық қауіпсіздікке қатысты барлық теріс үрдістерге кәсіби талдау жүргізу;
  • ақпараттық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру және ведомствоаралық ден қоюдың бірыңғай әрі сенімді тетігі ретінде нақты алгоритмін әзірлеу бойынша ұсыныстар енгізу.

Инновациялар және ғылыми-технологиялық қауіпсіздік саласында:

  • ұлттық қауіпсіздік қатерлерін талдау, бағалау, болжау және модельдеу, сондай-ақ оларды анықтау, алдын алу және залалсыздандыру шараларын әзірлеу үшін жасанды интеллектті тиімді қолдануды үйлестіру және бақылау;
  • жасанды интеллект пен басқа да жоғары технологиялық құралдарды қолданудың барлық аспектілеріне қолданыстағы және ықтимал ұлттық қауіпсіздік қатерлері тұрғысынан кешенді талдау жүргізу;
  • ғылыми негізделген тәсілдерді әзірлеу және енгізу, ғылыми-технологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс қабілетін нығайту, озық ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамыту және кадрлар даярлау бойынша ұсыныстар әзірлеу және енгізу.

Әскери қауіпсіздік және қорғаныс саласында:

  • әскери қауіпсіздік пен қорғанысты, мемлекеттің жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету, Қазақстанның егемендігін, тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын және мемлекеттік шекарасын қарулы қорғау, әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күштер мен құралдарды үйлестіру, сондай-ақ ҚР Қарулы Күштері, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қызметін жетілдіру, мемлекеттің әскери қауіпсіздігіне қатер төндіретін дағдарыстық жағдайлардың алдын алу және оларды жедел тоқтату мәселелері бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы мен Төраға орынбасарына ұсыныстар енгізу;
  • Қазақстандағы жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын үйлестіру және бақылау;
  • заңнамада белгіленген тәртіппен азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды жасақтауды, қорғаныс-өнеркәсіптік кешен мен мемлекеттік авиацияның жұмыс істеуі мен дамуын, мемлекеттік қорғаныс тапсырысының орындалуын бақылау;
  • озық әскери технологиялардың дамуына, қарулы қақтығыстарға қатысу әдістерінің өзгеруі мен олардың эволюциясына кәсіби мониторинг жүргізуді ұйымдастыру.

Заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау, сыбайлас жемқорлыққа және экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл саласында:

  • "Заң және тәртіп" конституциялық қағидатын іске асыру барысында қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін бағалау, осы бағыттағы қызметті жетілдіру жөнінде Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы мен Төраға орынбасарына ұсыныстар енгізу;
  • мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру және осы саладағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуына, Қазақстан Республикасының заңнамасының сақталуына, бағдарламалық құжаттардың, актілер мен Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының тапсырмаларының орындалуына бақылау жүргізу;
  • ішкі саяси тұрақтылықтың бұзылу тәуекелдерін жою мақсатында жасанды интеллект пен "үлкен деректерді" пайдалана отырып, қоғамдық қауіпсіздік саласындағы қатерлерді болжау және анықтау;
  • Қазақстан Республикасындағы халықаралық ұйымдасқан қылмыстық қауымдастықтардың қылмыстық әрекетін анықтауға басымдық бере отырып, криминогендік ахуалды болжау;
  • ұйымдасқан қылмыстың өзгеруін, оның трансұлттануын, цифрлық құралдарды, қылмыс пен өзге де ауыр құқық бұзушылықтарды жасаудың қашықтан жүзеге асырылатын тәсілдерін, оның ішінде электрондық төлемдерді, криптоактивтерді, цифрлық платформаларды және басқа да технологиялық шешімдерді пайдалануын мониторингтеу және талдау;
  • құқық қорғау органдары мен олардың ведомстволық ұйымдарындағы кадр саясаты және ведомстволық білім беруді дамыту мәселелері бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы мен Төраға орынбасарының қызметін қамтамасыз ету.

Сыртқы қауіпсіздік саласында:

халықаралық қауіпсіздікке, оның жай-күйіне ықпал ететін геосаяси және геоэкономикалық факторларға кешенді талдау жүргізу, өңірлік және халықаралық қауіпсіздікке төнетін сын-қатерлер мен қауіптерді анықтау, Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін әлемдік аренада қорғау және ілгерілету жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

Қауіпсіздік Кеңесінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша халықаралық, шетелдік, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау, қауіпсіздік, қорғаныс қабілеті, заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау, сыбайлас жемқорлыққа және экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл, азаматтық қорғау салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған іс-шараларды өткізу;

ҚР Президенті мен Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары қатысатын халықаралық іс-шараларға арналған материалдарды өз өкілеттіктері шеңберінде дайындауға қатысу.

Ұлттық қауіпсіздіктің өзге де салалары мен бағыттарында:

  • экономикалық қауіпсіздік (оның ішінде қаржылық, азық-түлік, энергетикалық және көліктік қауіпсіздік), ақпараттық қауіпсіздік (оның ішінде мемлекеттік қайраткерлерді, мемлекеттік институттар мен ведомстволарды қаралау мақсатында жалған ақпаратты ("фейктерді") заңсыз тарату үшін заманауи жасанды интеллект технологияларын қолдану), қоғамдық-саяси тұрақтылық (оның ішінде халықтың көші-қоны, қоғамдық денсаулық, биологиялық, рухани және мәдени қауіпсіздік), экологиялық және су қауіпсіздігі, азаматтық қорғау салаларында Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының, Төраға орынбасарының және Аппарат басшылығының өкілеттіктерін іске асыруды, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін қамтамасыз ету;
  • Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс қабілетін, құқықтық тәртіп пен заңдылықты сақтауды, сыбайлас жемқорлыққа және экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимылды, азаматтық қорғауды қамтамасыз етуге тартылған өзге де мемлекеттік органдардың қызметін мониторингтеу, үйлестіру және инспекциялау;
  • ҚР Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның қызметін қамтамасыз ету;
  • ҚР Құқық қорғау органдарындағы кадр саясаты мәселелері жөніндегі комиссияның қызметін қамтамасыз ету;
  • ұлттық қауіпсіздік органдарының Президенттік кадр резервін қалыптастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
  • Бас прокуратура, ұлттық қауіпсіздік органдары, Мемлекеттік күзет қызметі, ішкі істер органдары, Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар, қаржылық мониторинг, азаматтық қорғау органдары және ҚР-ның өзге де мемлекеттік органдары лауазымды тұлғаларының кандидатуралары бойынша мемлекеттік органдардың ұсыныстарын заңнамада белгіленген тәртіппен қарау;
  • ҚР Президентінің жоғары әскери және өзге де атақтарды, сыныптық шендерді беру және олардан айыру жөніндегі өкілеттіктерін іске асыруды қамтамасыз ету;
  • Қауіпсіздік Кеңесі мен Аппарат қызметін ақпараттық сүйемелдеуді ұйымдастыру;
  • Аппараттың жұмылдыру жоспарын әзірлеу; заңнамада белгіленген және Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы мен Төраға орынбасары айқындайтын өзге де функцияларды жүзеге асыру.

ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының құрылымы:

  • Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының басшысы;
  • Қауіпсіздік Кеңесі Аппараты басшысының бірінші орынбасары;
  • Қауіпсіздік Кеңесі Аппараты басшысының орынбасарлары;
  • Талдау бөлімі;
  • Ақпараттық қауіпсіздік бөлімі;
  • Қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бөлімі;
  • Әскери қауіпсіздік және қорғаныс бөлімі;
  • Құқық қорғау жүйесі бөлімі;
  • Жағдайлық орталық;
  • Хатшылық.

Жарлық оған қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: