Қазақстанда сақтандыру ережелері өзгерді: жаңашылдықтар кімдерге қатысты

Ноутбук, работа за ноутбуком, дистанционная работа, работа на ноутбуке, удаленная работа, фриланс, цифровые документы, интернет, сеть, цифровизация, сурет - Zakon.kz жаңалық 06.11.2026 11:18 Фото: unsplash
2026 жылғы 30 қазанда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулысымен сақтандыру қызметін реттеуге қатысты бірқатар құжатқа өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Атап айтқанда, жинақтаушы сақтандыру қызметін жүзеге асыратын сақтандыру ұйымының сақтанушыларға қарыз беру және сатып алу сомасын есептеу қағидаларына, сондай-ақ ҚР резиденті емес сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының жинақтаушы сақтандыру саласындағы қызмет көрсету тәртібі мен шарттарына өзгерістер енгізілді. Енді сақтанушы сақтандыру ұйымына цифрлық форматта өтініш беріп, қарыз алғысы келсе, сақтандырушы мынадай мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге міндетті:

  • Сақтанушыны қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарда көзделген кез келген тәсілмен сәйкестендіру;
  • Сақтанушы көрсеткен, ұялы байланыс операторы берген абоненттік нөмірге бір реттік құпиясөзі бар SMS-хабарлама жіберу. Бұл нөмір мемлекеттік деректер базасындағы және (немесе) сақтандыру деректер базасындағы мәліметтермен салыстырылып тексерілуі керек. Алайда қарыз шарты сақтанушының жеке кабинетіне кіру арқылы жасалған жағдайда бұл талап қолданылмайды.

Қарыз шарты цифрлық форматта жасалған кезде сақтанушының үлгілік қарыз талаптарына қосылуы арқылы рәсімделеді. Бұл үшін сақтандыру ұйымының интернет-ресурсы, мобильді қосымшалары немесе цифрлық форматта сақтандыру шарттарын жасауға қажетті мәліметтерді енгізіп, оларды сақтандырушының интернет-ресурсына немесе цифрлық жүйесіне жіберуге мүмкіндік беретін электрондық терминалдар пайдаланылады.

Сондай-ақ зейнетақы аннуитеті шартын қоспағанда, жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша сатып алу сомасы сақтанушы нақты төлеген сақтандыру жарналарының сомасынан кем болмауға тиіс. Бұл ретте сақтандырушы есептеген инвестициялық кіріс ескеріліп, комиссиялық сыйақы төлеуге, жинақтаушы сақтандыру шартын жасауға және орындауға байланысты шығындар шегеріледі.

Зейнетақы аннуитеті шарты бұзылған жағдайда көзделген сатып алу сомасы төленген сақтандыру сыйлықақысының сомасынан жүзеге асырылған сақтандыру төлемдері мен сақтандырушының істі жүргізуге жұмсаған шығындары шегерілгеннен кейінгі мөлшерден кем болмауы керек. Бұл ретте сақтандырушы есептеген инвестициялық кіріс те ескеріледі. Ол зейнетақы аннуитеті шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысы мен төлемін есептеу әдістемесінде белгіленген тиімді жылдық кірістілік мөлшерлемесі негізінде есептеледі.

Жинақтаушы сақтандыру шартының бірінші жылы аяқталған кезде, сақтандыру сыйлықақысы бүкіл жинақтау кезеңі үшін біржолғы төленген шарттарды және мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберіндегі өмірді сақтандыру шарттарын қоспағанда, сатып алу сомасы қарастырылмайды.

Зейнетақы аннуитеті шартынан басқа жинақтаушы сақтандыру шарты мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда сақтандырушы сақтанушыдан шартты бұзу туралы өтініш түскен күнге есептелген сатып алу сомасын төлейді.

Сақтандыру өнімдері туралы ақпарат беру тәртібі өзгерді

Сақтандыру ұйымдары мен ҚР резиденті емес сақтандыру ұйымдарының филиалдарына қойылатын талаптарда, сақтандыру агенттерімен жасалатын тапсырма шарттарында және олардың өкілеттіктерінде, сондай-ақ сақтандыру агенттерін оқыту бағдарламасында бірқатар өзгеріс бар.

Енді сақтандыру ұйымы сақтандыру өнімдері туралы ақпаратты ашып көрсету жөніндегі ішкі құжатты (нұсқаулықты) бекітуге міндетті.

Бұл құжатта сақтандыру ұйымының қызметкерлері мен сақтандыру агенттері кеңес беру және сақтандыру шартын жасау кезінде сақтанушыға ұсынуға тиіс ақпараттың міндетті тізбесі, мазмұны, нысаны және оны жеткізу реті белгіленеді. Талаптар клиентке қызмет көрсету тәсіліне қарамастан қолданылады.

Ішкі құжат сақтандыру ұйымының барлық қызметкері мен сақтандыру агенттері үшін міндетті. Сондай-ақ ол қызметкерлерді оқыту, олардың жұмысын бақылау және мониторинг жүргізу кезінде пайдаланылады.

Сақтандыру өнімдері туралы ақпарат сақтандыру ұйымының қызметкерлері мен агенттері тарапынан кеңес беру, шарт жасау және оны сүйемелдеу кезеңдерінде тегін ұсынылуы керек.

Сақтандыру өнімі, оның ерекшеліктері, талаптары мен тәуекелдері туралы ақпарат шынайы, түсінікті және екіұшты түсіндіруге жол бермейтін түрде берілуге тиіс.

Сақтандыру шартын жасамас бұрын клиентке қандай құжаттар беріледі?

Сақтандыру шартын жасамас бұрын сақтандыру ұйымы мен агенттері сақтанушыға жазбаша түрде мына құжаттарды ұсынуы керек:

  • Сақтандыру өнімі туралы негізгі ақпаратты, оның ерекшеліктерін, талаптары мен тәуекелдерін қысқа әрі түсінікті түрде қамтитын негізгі ақпараттық құжат;
  • Сақтандыру шартының жобасы (сақтанушының қалауы бойынша).

Сақтанушының осы құжаттармен танысқаны оның қолымен расталады. Шарт жасалған кезде құжаттар сақтанушының тиісті сақтандыру шарты бойынша ісіне тіркеледі.

Егер сақтандыру шарты цифрлық форматта жасалса, құжаттармен танысқаны сақтанушының тиісті белгі қоюы арқылы расталады. Бұл белгі сақтанушыны, сондай-ақ оның құжаттармен танысқан күні мен уақытын сәйкестендіруге мүмкіндік беруі керек.

Сақтанушымен жеке кездеспей, сақтандыру ұйымының интернет-ресурсы, мобильді қосымшасы немесе жеке кабинеті арқылы байланысқан жағдайда да ақпарат жеке кездескендегідей көлемде және форматта ұсынылуы тиіс.

Сақтандыру ұйымы ақпарат беру тәсілдерін сақтанушылардың мүмкіндіктері мен түсіну деңгейіне қарай бейімдеуге міндетті.

Мүгедектігі бар адамдар мен қозғалысы шектеулі азаматтарға ақпарат олардың қажеттіліктері мен ерекшеліктерін ескере отырып беріледі. Оларға қосымша:

  • Қолжетімді қызмет көрсету арналары және оларды пайдалану тәртібі;
  • Бейімделген қызмет көрсету кеңселері мен өзіне-өзі қызмет көрсету құрылғыларының бар-жоғы және жұмыс кестесі;
  • Құжаттар мен ақпаратты алу форматтары;
  • Сақтанушының немесе оның өкілінің өтініші бойынша жекелеген қызмет көрсету арналарын шектеу немесе өшіру мүмкіндігі;
  • Интернет-ресурс, мобильді қосымша және жеке кабинет арқылы қызмет көрсетудегі шектеулер мен оларды белгілеу тәртібі;
  • Құжаттарға қол қою, сақтанушының еркін білдіруін растау және сақтандыру ұйымының қызметкерлерінен кеңес алу тәсілдері түсіндірілуі керек.

Сақтандыру ұйымы сақтанушылардың сақтандыру өнімдері туралы жалпы ақпаратқа кеңселерде, интернет-ресурста және мобильді қосымшада тұрақты әрі еркін қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті.

Сақтандыру шартын жасау кезеңдері

Ерікті сақтандыру түрлері бойынша сақтандыру ұйымы немесе агенті мен сақтанушы арасындағы шарт жасау процесі бірнеше кезеңнен тұрады.

Алдымен сақтанушы сақтандыру қағидаларымен танысып, шарт талаптары туралы толық әрі шынайы ақпарат алуы керек. Атап айтқанда:

  • Сақтандыру тарифтері мен сақтандыру сомасының мөлшері;
  • Сақтандыру агентіне төленетін комиссиялық сыйақы мөлшері. Оның теңгемен есептелген сомасы және сақтандыру сыйлықақысына шаққандағы пайыздық мөлшері көрсетілуі тиіс;
  • Сақтандыру сыйлықақысын төлеу мерзімдері;
  • Сақтандыру шартының күшіне ену мерзімі;
  • Сақтандыру жағдайлары, оның ішінде сақтандыру оқиғасы және (немесе) сақтандыру жағдайы басталғаны туралы хабарлау тәртібі;
  • Сақтанушының құқықтары мен міндеттері, соның ішінде сақтандыру оқиғасы және (немесе) сақтандыру жағдайы туындаған кездегі міндеттері;
  • Шарт талаптарын өзгерту тәртібі;
  • Сақтандыру шартын мерзімінен бұрын бұзудың салдары;
  • Жеңілдіктердің болуы және олар берілетін адамдардың тізімі;
  • Сақтандыру түріне тән өзге де маңызды талаптар.

Сақтандыру полисінде қандай мәліметтер көрсетілуі керек?

Сақтандыру полисінің мазмұны мен оны рәсімдеу тәртібіне де нақтылаулар енгізілді.

Енді сақтандыру полисінде мынадай мәліметтер болуы керек:

  • Сақтандырушының атауы, орналасқан жері, телефон нөмірі және банктік деректемелері;
  • Сақтанушының тегі, аты, әкесінің аты, жеке сәйкестендіру нөмірі, экономика секторының коды, резиденттік белгісі (ҚР резиденті немесе резиденті емес екені), заңды мекенжайы немесе тұрғылықты жері (жеке тұлғалар үшін);
  • Сақтанушы заңды тұлға болған жағдайда оның атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, экономика секторының коды, резиденттік белгісі, орналасқан және нақты мекенжайы, банктік деректемелері;
  • Сақтандыру агентінің тегі, аты, әкесінің аты, телефон нөмірі, жеке сәйкестендіру нөмірі (ҚР резиденті жеке тұлға болса) немесе атауы, орналасқан және нақты мекенжайы, телефон нөмірі, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (ҚР резиденті заңды тұлға болса);
  • Сақтандыру объектісі;
  • Сақтандыру жағдайы;
  • Сақтандыру сомасының мөлшері, валюта түрі, сақтандыру төлемін жүзеге асыру тәртібі мен мерзімдері;
  • Сақтандыру сыйлықақысының мөлшері (бөліп төленген жағдайда сақтандыру жарнасы), жалпы сомасы және жеңілдік ескерілген мөлшері (бар болса), сондай-ақ сақтандырушы ұсынған жеңілдік ескерілген жалпы сома, валюта түрі, төлеу тәртібі мен мерзімдері;
  • Сақтандыру агентіне тиесілі комиссиялық сыйақының сомасы және оның сақтандыру сыйлықақысына шаққандағы пайыздық мөлшері;
  • Сақтандыру полисі жасалған күн және оның қолданылу мерзімі;
  • Егер сақтандырылған адам (пайда алушы) полис бойынша сақтанушы болмаса, оның сәйкестендіру нөмірі, резиденттік белгісі және экономика секторы;
  • Сақтандыру полисінің нөмірі (қағаз түрінде рәсімделген жағдайда) немесе деректер базасын қалыптастыратын және жүргізетін ұйым берген бірегей нөмірі (электрондық полис үшін);
  • Сақтандыру төлемін жүзеге асыруға қажетті жетіспейтін құжаттар туралы сақтанушыға немесе сақтандырылған адамға хабарлау мерзімдері;
  • Экономикалық қызмет түрі (заңды тұлғалар үшін);
  • Сақтандыру полисінің қолданылу аумағы;
  • Сақтандырушының қолы (қағаз түрінде рәсімделген жағдайда);
  • ҚР сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасына сәйкес өзге де мәліметтер.

Туристі міндетті сақтандыру шарты жасалғанын растау үшін сақтандырушы сақтанушыға сақтандырылған адамның қолданыстағы сақтандыру қорғанысы бар екенін растайтын цифрлық сақтандыру сертификатын береді.

Міндетті сақтандырудың жекелеген түрлерін реттейтін ҚР заңдарында белгіленген шарттар бойынша сақтандыру полистері цифрлық форматта рәсімделеді және қағаз бланкіде басып шығарылмайды.

Ал міндетті және ерікті сақтандыру шарттары бойынша полистер сақтандырушының бланкісінде қағаз түрінде немесе цифрлық форматта рәсімделуі мүмкін.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қатысты өзгерістер

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметін жүзеге асыру қағидаларына да өзгерістер енгізілді.

Құжатқа сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өз активтері есебінен Қазақстан аумағында да, одан тыс жерлерде де заңды тұлғаларды құруға және олардың қызметіне қатыса алмайды.

Алайда мынадай ұйымдарды құруға рұқсат етіледі:

  • "Өмірді сақтандыру" саласында қызмет көрсететін сақтандыру ұйымдары;
  • Инвестициялық портфельді басқарушылар;
  • Брокерлік және (немесе) дилерлік қызмет көрсететін ұйымдар;
  • Қаржы ұйымдарына жатпайтын және консалтингтік қызмет көрсететін заңды тұлғалар;
  • Зейнетақымен қамсыздандыру және сақтандыру (қайта сақтандыру) салаларында актуарлық есептеулер жүргізуді ұйымдастыратын, сақтандыру қызметі мен зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты ақпараттық және консультациялық қызметтер көрсететін, сондай-ақ актуарлық қызмет саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында оқытуды ұйымдастыратын заңды тұлғалар.

Қаулы 2026 жылғы 16 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: