Қазақстанда зейнетақы жинақтарын басқару тәртібі өзгереді
Фото: Zakon.kz
Жаңа тәртіпке сәйкес, салымшы немесе зейнетақы төлемдерін алушы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) интернет-ресурсы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдаланып, инвестициялық портфельді басқарушыны (ИПБ) және инвестициялық портфель түрін таңдау туралы өтініш береді. БЖЗҚ азаматтарға ИПБ инвестициялық портфельдерінің бекітілген түрлері туралы, сондай-ақ жасына сәйкес келмеген жағдайда портфельді ауыстыру қажеттігі жөнінде хабарлайды.
Инвестициялық портфельді басқарушы зейнетақы активтері есебінен зейнетақы активтерінің бір немесе бірнеше инвестициялық портфелін қалыптастырады:
- консервативті портфель – зейнеткерлік жасқа жеткен-жетпегеніне қарамастан, БЖЗҚ салымшылары мен зейнетақы төлемдерін алушылардың зейнетақы активтерінен құралады. Бұл портфель бойынша кірістіліктің ең төменгі мәні 12 айдың қорытындысы бойынша есептеледі;
- орташа тәуекелді портфель – зейнеткерлік жасқа жетуіне үш жылдан астам уақыт қалған салымшылар мен зейнетақы төлемдерін алушылардың зейнетақы активтерінен құралады. Кірістіліктің ең төменгі мәні 36 айдың қорытындысы бойынша есептеледі;
- тәуекелді портфель – зейнеткерлік жасқа жетуіне 13 жылдан астам уақыт қалған салымшылар мен зейнетақы төлемдерін алушылардың зейнетақы активтерінен құралады. Кірістіліктің ең төменгі мәні 60 айдың қорытындысы бойынша есептеледі.
Инвестициялық портфельді басқарушы зейнетақы активтерінің әрбір портфелі үшін инвестициялық декларация әзірлейді. Онда композиттік индекске негізделген жеке инвестициялық стратегиясын айқындайды.
Шетел валютасында номинацияланған қаржы құралдарына, сондай-ақ зейнетақы активтерін есепке алатын және сақтайтын кастодиан-банктің шетел валютасындағы шоттарындағы қаражат қалдықтарына салынатын инвестициялардың жалпы көлемі мынадай мөлшерден аспауға тиіс:
- инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы консервативті портфель зейнетақы активтері құнының 40%-ына дейін;
- орташа тәуекелді портфель зейнетақы активтері құнының 70%-ына дейін;
- тәуекелді портфель зейнетақы активтері құнының 80%-ына дейін.
Зейнетақы активтері Ұлттық банктің басқаруынан ИПБ басқаруына өтініш түскен күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде беріледі.
Инвестициялық портфельді басқарушы зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару шартын өз бастамасымен бұзған немесе зейнетақы активтерінің бір не бірнеше инвестициялық портфелін қалыптастыруды тоқтатқан жағдайда, жоспарланған өзгеріс туралы уәкілетті органға, БЖЗҚ-ға және зейнетақы активтерін есепке алатын әрі сақтайтын кастодиан-банкке кемінде бір күнтізбелік жыл бұрын хабарлауға міндетті. Сонымен қатар тиісті хабарландыруды өзінің корпоративтік интернет-ресурсында жариялауы керек.
Мұндай хабарлама болған жағдайда БЖЗҚ салымшылар мен зейнетақы төлемдерін алушылардан зейнетақы активтерін осы басқарушының сенімгерлік басқаруына немесе қалыптастырылуы тоқтатылатын инвестициялық портфельге аудару туралы жаңа өтініштерді қабылдамайды.
Сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушының бастамасымен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару шарты бұзылған немесе бір не бірнеше инвестициялық портфельді қалыптастыру тоқтатылған жағдайда (басқарушының басқаруында кемінде бір инвестициялық портфель қалған кезде) БЖЗҚ зейнетақы активтерін толық көлемде ақша түрінде Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруына қайтарады.
Ал бір немесе бірнеше инвестициялық портфельді қалыптастыру тоқтатылған жағдайда, тек қалыптастырылуы тоқтатылатын портфельдегі зейнетақы активтері қайтарылады.
Инвестициялық портфельді басқарушы зейнетақы активтерін сенімгерлік басқарудың 12, 36 немесе 60 айлық кезеңінің қорытындысы бойынша туындаған теріс айырманы толық көлемде өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті.
Бұл айырма инвестициялық портфельді басқарушы алған зейнетақы активтерінің номиналды кірістілігі мен кірістіліктің ең төменгі мәні арасындағы айырмашылық негізінде айқындалады. Есептеу сенімгерлік басқару кезеңінен кейінгі жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жүргізіледі.
Теріс айырманы есептеу және оны инвестициялық портфельді басқарушының өз капиталы есебінен өтеу тәртібі тиісті қағидалар мен мерзімдерге сәйкес жүзеге асырылады.
Бұдан басқа да өзгерістер енгізілді.
Қаулы 2026 жылғы 16 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.