Қостанайда бесінші қабаттан құлаған баланы құтқарған жігіттің кім екені анықталды
Қостанайда көпқабатты тұрғын үйдің бесінші қабатынан алты жасар бала құлап кеткен. Оны өлімнен сол жерден өтіп бара жатқан адам құтқарып қалды. Қиынға соқса да, құтқарушы табылды, - деп хабарлайды Zakon.kz "Костанайские новости"-ге сілтеме жасап.
Құтқарушы - қостанайлық футболшы, "Тобыл" футбол клубының ойыншысы Данил Цой.
Оқыс оқиғаның қалай болғанын ол жақындарына айтып беріпті. Данилдың өзі өте қарапайым жігіт, өзінің бұл әрекетіне соншалықты көңіл бөлінгенін қаламайды. Данилдың әпкесі оның бала кезінен осындай қарапайым екенін айтады. Түрлі жарыстардан жүлделі орын алса да, ол жақындарынан оған аса мән бермеулерін сұрайды екен. Қазір Данил 23 жаста.
"Сол күні ол менің әпкемнің үйінен шыққан. Сол жерде ол мынадай дауыстарды естіген: Көмектесіңіздер! Көмектесіңіздер! Бесінші қабатта бала салбырап тұрған. "Мен шыдай алмаймын, қазір құлаймын!", - деген сөздерді естіген Данил оған былай деді "Секіре бер, мен тосып аламын!", - дейді Данилдың әпкесі
Данилдың жақындарына айтуы бойынша, құлап келе жатқан бала төртінші қабаттағы қалқанға соғылып, Данилдың тура тосып алуына кедергі жасаған, алайда ол қолымен іліп қалып, құлаудың салдарын барынша жеңілдеткен. Осы кезде тағы бір ер адам жақындаған. Бала бірден қозғала қоймаған, кейін тыныстай бастады. Жергілікті тұрғындар жедел жәрдем шақырған. Данил ешкімге айтпай кетіп қалған.
Кейінірек Данил жедел жәрдем көрсету орталығында істейтін досы арқылы баланың жағдайы дұрысталғанын білген. Алты жасар баланың осындай жағдайға қалайша тап болғаны әзірге белгісіз.
Аурухананың бас дәрігері қызметін атқарушы Игорь Белобржицкийдің айтуынша, бала қазір травматология бөлімінде жатыр. Оны жан сақтау бөлімінен шығарды. Ота жасаудың қажеті болмады.