Астанада тағы бір құрылыс компаниясы үлескерлерді алдап кетті
Астана полициясы "Happy Village" коттедж қалашығы" ЖШС құрылыс компаниясының басшысына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан елорданың ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қылмыстық іс ҚР ҚК 189-бабы 2-тармағы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу) бойынша қозғалды.
Сотқа дейінгі тергеу "Куршавель" көп пәтерлі тұрғын үй кешені үлескерлерінің "Happy Village" коттедж қалашығы" ЖШС құрылыс компаниясының басшысы Бақтығали Өтегеновке қарсы ұжымдық шағымы бойынша жүргізіліп жатыр.
Полициядан мәлімдегендей, Өтегенов үлескерлердің ақшасын иемденіп, жұмсап жіберген. Ал тұрғын үй құрылысы сол күйі аяқталмаған.
Ішкі істер департаменті күдіктінің іс-әрекетінен зардап шеккендерден мына мекенжай бойынша ІІД тергеу басқармасына жүгінуді сұрайды: Астана, Бейбітшілік көшесі, 19, тел.: 8 (7172) 71-60-10, 74-62-28.
Жобаға сәйкес, "Куршавель" тұрғы үй кешені елорданың сол жағалауында, ЭКСПО ауданында салынуы тиіс болған. Бір шаршы метрдің құны 385 мың теңгені құрайды.