Жамбыл облысында есірткіге лық толы көлік өртеніп кетті
Жамбыл облысында есірткіге лық көлікті тастай қашқан жүргізуші іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды КТК.
Жамбыл облысында Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі іздестірілуде. Белгісіз біреу анашаға лық толы көлігін теміржол үстіне қалдырып кеткен. Ал тоқтап үлгермеген жүк пойызы көлікті бүйірден соғып, салдарынан өрт болған.
Есірткінің 20 келісінен басқасы түгел жанып кетті. Машинистің айтуынша, көліктің шамы қосылған күйде рельстің үстінде тұрған. Ескерту дыбысына да темір тұлпар қозғала қоймаған. Кейін белгілі болғанындай, ішінде адам болмапты. Ал қатты соққыдан техника лапылдап жанып, пойыздың тоқтауына тура келген.
Тіпті жүк пойызының бір вагоны да өртке орана жаздапты. Бірақ оқиға орнына шұғыл жеткен теміржолшылар вагонды ажыратып үлгерген. Сөйтіп тілсіз жауды ауыздықтап, тек бір сағаттан соң ғана пойыз қайта жолға шықты.
Ал джиптің мұнда қалай пайда болғаны және ішіндегі есірткіні тасымақ болған кім екені белгісіз. Жанып кеткен көліктің мемлекеттік нөмірі болмағандықтан, егесін де табу қиынға соғуда.